Қоғам

Петропавлда «Infobus» қосымшасы қайта іске қосылмақ

Облыс орталығында «Infobus» қосымшасы қайта іске қосылмақ. Бұл бағдарлама қоғамдық көліктердің қозғалысын онлайн режимде бақылауға мүмкіндік береді. Айта кетсек, платформа 2 жыл бұрын жұмысын тоқтатқан болатын.

СЕРІК СЕРҒАЗИН, «KazInterSoft» ЖШС директорының орынбасары:

– 4 күн бойы қаланың барлық автобустарына қозғалыс датчиктерін орнаттық. Қазіргі уақытта қоғамдық көліктердің 95 пайызына GPS трекер орнатылды. Мобильді қосымша да жұмыс істеп тұр. Ол тегін. «Play Market» пен «App Store» платформаларынан жүктеп алуға болады.

Қосымшада өзгеріс жоқ. Бірден 5 автобустың қозғалысын көруге болатын функциясы да сақталған. Бұл, әсіресе, қыс мезгілінде ыңғайлы. Далада алаңдап автобус күтудің қажеті жоқ. Жүйе тасымалдаушылардың жұмыс сапасын бақылауға да ықпал етеді.

ӘДІЛБЕК ӘУБӘКІРОВ, Петропавл қаласы әкімінің орынбасары:

– Біз қосымша арқылы барлық автобустардың қозғалысын, жүру аралығын, санын бақылаймыз. Бұл қоғамдық көліктің жұмыс сапасын назарда ұстауға мүмкіндік береді. Субсидиялауды да бақылау маңызды. Біз 2021 жылдан бастап қоғамдық көлік бағытын субсидиялай бастадық. Бұл деректер бізге қоғамдық көліктің тиімділігін есептеу үшін қажет.

Сондай-ақ, қалалық әкімдік өкілдерінің хабарлауынша, алдағы уақытта аялдамаларда орнатылған электрондық таблолар да іске қосылады. Олар автобустардың келетін нақты уақытын көрсетеді.

 

Самал Жунусова