Аптадағы маңызды жаңалықтарБілім

Депутаттар шағын жинақталған мектептердің мәселелерін талқылады

СҚО-дағы мектептердің 80 пайызы шағын жинақты. Бүгін облыс орталығында Парламент Мәжілісі әлеуметтік-мәдени даму комитетінің алғашқы көшпелі отырысы өтті. Оған комитет мүшелері мен жергілікті мектеп директорлары қатысты. Жиында білім беру сапасы, педагог кадрлардың тапшылығын шешу және қолайлы білім беру ортасын қалыптастыру мәселелері қаралды.

АСХАТ АЙМАҒАМБЕТОВ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– Енді шағын жинақы мектептердің мәселелеріне келетін болсақ, Үкімет бұл мәселемен айналысуда. Біразы шешіліп жатыр. Ауыл мектептері мен қала мектептерінің білім сапасы бойынша арақашықтығы үлкен. Бірақ, Қызылжардың ауылдағы мектептерінің білім сапасын алып, оны Қызылорда, Түркістан немесе Ақтаудағы қала мектептерінің білім сапасымен салыстыратын болсақ, осы жердегі ауыл мектептерінің сапасы жоғары. Негізі, біздің Парламент Мәжілісі комитеті тиісті заңнамалық түзетулер дайындап қойды. Оларды қабылдамас бұрын біз осы көшпелі отырысты өткізіп, эксперттермен, мұғалімдермен ақылдасып, содан кейін қабылдаймыз деп отырмыз.

Ел бойынша мектептердің 40 пайызы шағын жинақталған болып саналады. Барлығы – 4 млн-ға жуық бала білім алады екен. Депутаттар осы санаттағы мектептерде бала аздығы бір бөлек, мұғалімдер де жетіспейді. Материалдық-техникалық база осал, интернет сапасыз, одан өзге де мәселелер жетерлік.

ЕРЛАН ЗАЙЫТОВ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– Біздің барған жеріміз – “Қызылжар Абай” мектебі. Соның жағдайын жанындағы Архангелка мектебімен салыстырдық. Қарапайым мысал, Архангелкада интернет мүлдем жоқ. Ал тура жанындағы “Қызылжар Абай” мектебіндегі балалар мүмкіндіктерді толыққанды пайдаланып отыр, интернетпен толық қамтамасыз етілген. Мектептердің ішкі қалыптарының өзін салыстыруға келмейді. “Қызылжар Абай” мектебі балаларының еңселері биік, білімдері толық, ұмтылыстары ерекше. Ал тура жанындағы Архангелка мектебінде, өкінішке қарай, оқушылары спорттан басқа ештеңемен айналысқылары келмейді. Сондықтан, бұл тараптан болашағымызды дамыту үшін Қазақстандағы әр ауылдың мектептерін “Қызылжар Абай” мектебі сияқты қамтамасыз етуіміз керек.

Өз кезегінде ҚР оқу-ағарту бірінші вице-министрі Шолпан Каринова шағын жинақталған мектептерді дамыту жолдарына тоқталды.

ШОЛПАН КАРИНОВА, ҚР оқу-ағарту бірінші вице-министрі:

– Біздің қазіргі мақсат – барлық механизмді пайдалана отырып, алдағы уақытта шағын жинақталған мектептерді қаншалықты жақсарту керек деген мәселені қарастыруымыз керек. Бұл жерде министрліктің кешенді жоспарлары бар. Біріншіден, ауыл мектептерін дамытудың мәселесіне қатысты үлкен пилоттық жоба іске қосылды. Ол Ақтөбе облысында басталды. Келесі оқу жылынан бастап ол 5 облысқа тарайтын болады. Соның ішінде СҚО да бар. Осы пилоттық жоба шеңберінде біз мұғалімдермен әдістемелік қолдау жағынан жұмыс жасайтын боламыз.

Шолпан Каринованың айтуынша шағын жинақты мектеп мұғалімдеріне әдістемелік ажғынан қолдау көрсетілуі керек.

ШОЛПАН КАРИНОВА, ҚР оқу-ағарту бірінші вице-министрі:

– Ауыл мектептерінің мұғалімдеріне менторлық сүйемелдеу жұмыстары қажет. Сүйемелдеу жұмысы дегеніміз – сабақты қалай жоспарлау керек, пәндердің ішінде оқушылардың қиналатын тақырыптары қандай? Оларға тиісті барлықтарына да осындай әдістемелік нақты ұсынымдар дайындап беру мәселесін қолға алдық.

Қанша дегенмен шағын жинақталған мектептерде балаларға сапалы білім беріледі. Бұған – отандық және халықаралық зерттеулер дәлел. Соның бірі 2021 жылы өткізіліпті. Нәтижесінде солтүстікқазақстандық шағын жинақталған мектеп оқушыларының білім сапасы ел бойынша 2-ші орында болған. Шолпан Каринова атап өткендей, барлық мәселе шешілгеннен кейін бұл көрсеткіш одан әрі артуы мүмкін.

 

Самал Жунусова