Мәдениет

“Өлең – менің шолпаным, айым, күнім” атты онлайн-байқау өтіп жатыр

“Өлең – менің шолпаным, айым, күнім”. Осындай атаумен С.Мұқанов атындағы облыстық кітапхана мамандары онлайн-конкурс өткізіп жатыр. Байқауға қатысу талаптары оңай. Тек бақ сынаушы бірнеше шартты ескерсе болғаны.

ҚАЙЫРЖАН МӘЛІКОВА, С.Мұқанов атындағы облыстық кітапхананың бөлім жетекшісі:

– Мағжан Жұмабаевтың кез келген өлеңін оқып, бейнежазбаға түсіру қажет. 3 минуттан аспауы шарт. Өз қалауларынша безендіріп, видеоға өң беріп, әрлей алады. Сосын инстаграм желісіндегі жеке парақшаларында жариялайды. Астына #өлеңменіңшолпанымайымкүнім хештегін белгілейді. Кітапхананың инстаграмдағы аккауынтын да міндетті түрде жазу керек. Бағалау барысында қазылар алқасы қатысушының әртістік шеберлігін, креативтілігін және орындаушылық ерекшелігін ескереді.

Конкурсқа 6 мен 21 жас аралығындағы үміткерлер қатыса алады. Бір ерекшелігі – шалғай жерден жүк арқалап келудің қажеті жоқ. Кез келген жерде, тіпті, үйде отырып-ақ өз өнеріңді паш етуге болады. Бұл – өзге облыс тұрғындары үшін өте тиімді мүмкіндік.
Ал, біздің өңірімізден байқауға алғаш болып қатысқандардың бірі – Гүлсезім Тұрсынбаева. Гүлсезім – Аққайың ауданындағы Қайырбек Оразов атындағы Аралағаш орта мектебінің 10-сынып оқушысы. Жас өнерпаз М. Жұмабаевтың “Туған жер” атты шығармасын мәнерлеп оқып берген.

Онлайн-конкурс кітапхана тарихында алғаш рет өтіп жатқан жоқ. Ұжымның бірнеше жылдық тәжірибесі бар. Былтыр қашықтықтан ұйымдастырылған байқауға 30-ға жуық адам қатысқан. Ал, биыл 50-ге жуық қатысушы болады деп күтілуде. Себебі, қызығушылық танытқандардың саны артқан.

ҚАЙЫРЖАН МӘЛІКОВА, С.Мұқанов атындағы облыстық кітапхананың бөлім жетекшісі:

– Алғаш короновирус індеті жайлаған пандемия кезінде қолға алғанбыз. Ол кезде тек кітапхана емес, барлық жүйе онлайн форматқа көшкен болатын. Сол кезде біз де өткізуді жөн көрдік. Былтыр Қазақстан Республикасы халықтарының тілдер күніне арнап ұйымдастырдық. Ал, 2021 жылы Ж.Жабаевтың 175 жылдығына арнап “Тыңда дала Жамбылды” деген онлайн байқау өтті. Шарттары дәл осындай.

Конкурстың қорытындысы маусымның 23-і күні белгілі болады. Жеңімпаздардың есімі кітапхананың инстаграм парақшасындағы тікелей эфирде жарияланады. Жүлделі орын иелерлеріне мақтау қағаздары мен кітаптар табысталады.

 

Аснурия Абдула