Спорт

«Nomad run» ультрамарафонына қатысушылар Петропавлға келді

Сәуірдің 25-інде елімізде алғаш рет «Nomad run» ультрамарафоны бастау алды. Марафоншылардың мақсаты – бір ай ішінде 7 жарым мың шақырымнан астам жолды еңсеру. Марафонның бағыты бүкіл Қазақстан бойынша өтеді. Яғни, 18 қала мен 100-ден астам елді мекенді қамтиды. Бүгінде спортшылар 12 қаланы артқа тастаған. Астана қаласынан жүгіріп шыққан азаматтар 3 апта дегенде Петропавлға келіп жетті.

Жорыққа шыққандардың жалпы саны 5-еу. Құрамда өзгеріс бар. Тимур Әбілов Қарағандыға дейін жүгірген. Бірақ, белгілі бір себептерге байланысты марафоннан шығып қалған. Оның орнын семейлік азамат Медғат Демежан басты. Жасы 32-де. Жүгірушілердің арасындағы ең кішісі.

Марафоншыларды өңірімізден 20-дан аса адам қарсы алып, бірге жүгірді. Солардың бірі – Константин Рыб. Ол спортты 57 жыл бойы жанына серік етіп келеді.

КОНСТАНТИН РЫБ:

– Мен марофоншымын. Шаңғы спортымен де айналысамын. Денсаулық кепілі – спортпен шұғылдануды жалғастырудамын. Әр күнім жаттығу жасаумен басталады. Осыған дейін 30-ға жуық марафонға қатыстым. Бірталай жүлделі орынға ие болдым.

Қостанайлық марафоншы Меңдібай Әлімғазимов 55 жаста. «Nomad run»-ның ішіндегі ең үлкені. Жеңіл атлетикадан спорт шебері. Осыған дейін 300-дей жаяу жарысқа қатысыпты. Спортты серік еткен азаматтың мақсаты – Гиннес рекордтар кітабына ену.

МЕҢДІБАЙ ӘЛІМҒАЗИМОВ, «Nomad run» ультрамарафонына қатысушы:

– Спорттағы жолымды спартакиададан бастадым. Ал, марафонға 93 жылдан бастап қатысамын. Биыл 30 жыл болып қалыпты. Барлық қаладағы шараға қатыстым. Қазір жүгіріп келдім. 1 күнде 95 километрді бағындырыппын. Өзімді жақсы сезініп тұрмын.

Әрине, қиынға соқпағаны анық. Себебі, жүгіру Меңдібай Әлімғазимов үшін күнделікті дағдыға айналған әдет. Мезгіл-мезгіл тамақ ішкенмен тең. “Бізге қолайсыз ауа райы кедергі емес. Соққан жел мен құйған жаңбырға да қарамаймыз”,-дейді марафоншы. Желдей жүйткіген желаяқ шымыр болуының сырымен бөлісті.

МЕҢДІБАЙ ӘЛІМҒАЗИМОВ, «Nomad run» ультрамарафонының мүшесі:

– Таңертең 10 километр, кешке 15 километр жүгіремін. Айына 550 шақырымды бағындырамын. 10 километрді 31 минутта жүгіріп шыққанмын. Қазір Астанада тұрамын. Балаларды жаттықтырамын. Шәкірттерім 1 сағатта 12 шақырым жүгіреді. Қолымша келгенше үйретуге тырысамын. Ешқандай әдіс-тәсілдерімді жасырмаймын. Демеп отырамын.

Келесі аялдама – Қостанай қаласы. Көшпенді марафоншылар жорығы Ақтауда өз мәресіне жетеді. Межеге мамырдың 25-іне дейін жетіп үлгерсе «Nomad run» ультрамарафоны Қазақстанның рекордтар кітабына енуі мүмкін.

 

Аснурия Абдула