Қоғам

«AMANAT» партиясының филиалында тұрғындарды толғандырған мәселелер қаралды

Бүгін «AMANAT» партиясының облыстық филиалында ашық есік күні өтті. Тұрғындардың базынасы тыңдалған жиынға бейінді басқарма мен орган өкілдері және депутаттар қатысты. Бір үстел маңына жиылған мына көпшілік – Кирпичный кентінің тұрғындары. Бұл жандар бүгінде ұл-қыздарын 19-шы бастауыш мектепте оқытып отыр. Білім ұясының тозығы жеткен. Ол ол ма? Жақында ата-аналар мекеме жабылады деген хабарды естіпті. Жағдайдың байыбына бару үшін бүгін осы жерге келіп отыр.

МАРИЯ МАНЫЛОВА, қала тұрғыны:

– Мектеп жөндеу көрмегелі көп болды. Терезелер тозған. Жан-жақтан суық үрлейді. Соған қарамастан бұл мекемеде балаларымыз оқып жүр. Себебі, үйге жақын. Ыңғайлы. Басқа ауданға апарып оқытуға жұмысымыз кедергі. Бұл мектеп жабылса не істейміз? Жөндеу жүргізіліп, мекеме сақталып қалса екен.

Бүгінде бұл мектепте 52 бала білім алады. Ата-аналарды алаңдатқан мәселеге білім бөлімінің өкілі жауап берді. Бұлбұл Ахмадиқызының айтуынша нысан апаттық деп танылыпты.

БҰЛБҰЛ АХМАДИҚЫЗЫ, қалалық білім бөлімі басшысы орынбасарының міндетін атқарушы:

– Қазіргі таңда білім басқармасында Кирпичный кентінде жаңа мектеп тұрғызу мәселесі қаралуда. Шағын орталығы болатын мекеме 120 ұл-қызға шақталмақ. Бұл жұмыс “2023-2029 жылдарға арналған жол картасы” аясында атқарылады. Сіздердің жағдайларыңызды түсініп отырмын. Мектепте ағымдағы жөндеу жұмысын жүргізу үшін қаржы бөлу турасында өтінім береміз.

Келесі үстелде ашынған аңшылар өз мәселелерін көтеруде. Азаматтар аң-құсқа берілетін жолдама құнының қымбат екендігін айтуда. Андрей Бирюков – 15 жылдық тәжірибесі бар аңшы. Азаматтың айтуынша қазіргі таңда бұл істің берер қызығынан гөрі шығыны көп.

АНДРЕЙ БИРЮКОВ, қала тұрғыны:

– Қалтаңда қомақты қаражатың болмаса аңшылыққа шығудың қажеті шамалы. Бір елік атуға берілетін жолдама құны 120-150 мың теңге тұрады. Көктемгі науқан кезінде 22 мың теңгенің жолдамасы берілді. 2 аталық үйректі атуға рұқсат етілді. Баға өзге өңірлермен салыстырғанда 2-3 есеге қымбат.

Азаматтың бұл сауалына облыстың мәслихаттың төрағасы Владимир Бубенко жауап берді. Азамат мәселе жан-жақты қарастырылатынын айтты. Жалпы, ашық есік күнінде 10-ға тарта сауал қаралды.

 

Алдияр Айтпаев