Қоғам

“Ана үйі” қоғамдық қорына – 10 жыл

«Ана үйі» республикалық қоғамдық қоры өмірлік қиын жағдайға тап болған аналарға жәрдем беріп, жетімдер үйіне түсетін бала санын азайтумен айналысады. Биыл бұл ұйымға 10 жыл толып отыр. Осы уақыт ішінде елімізде 6 мыңға жуық азаматша көмек алған екен. Айтулы датаға байланысты Петропавлдағы «Ана үйінің» мамандары мен түлектері жүздесті. Мерейтойға орай дастархан жайылған, әуезді музыка да ойнап тұр.

МЕРУЕРТ КӨШЕМБАЕВА, «Ана үйі» ҚҚ өңірлік маманы:

– Осы 10 жыл ішінде 157 анаға көмек көрсетілді. 175 бала көмек алды. Қазір «Ана үйінде» 5 ана және 7 бала тұрады. Бәрі тегін, медциналық көмек алады, психологиялық көмек көрсетіледі. «Ана үйінде» баланы өсіру үшін барлық жағдай жасалған. Аналарға жарты жыл беріледі. Жарты жылда әрқайысы қажетті көмек алады.

Мөлдір Әлиева – бір бүлдіршіннің анасы. 36 жастағы азаматша – Жетісу облысының тумасы. Осыдан бірнеше жыл бұрын аққайыңдар өлкесіне келін болып түскен екен. Алайда, бүгінде жолдасынан бөлек тұрады. Күйеуін бұрыңғы достары аяқтан шалыпты. Қазір ол қамауда отыр.

МӨЛДІР ӘЛИЕВА:

– Бұйырса 15-18 босатылады. Жолдасыма шамам келгенше жүгіріп, ақтап, дәлелдің бәрін тауып, құжаттарды өткіздім. Әке-шешесімен бірге тұрғанбыз. Бірақ, дұрыс қарым-қатынас орната алмадық. Сол себепті, «Ана үйіне» жүгіндім. Бізді далаға қалдырмай, құшақжая қарсы алды. Қызымыз екеуміз осында тұрып жатқанымызға 5 ай болды.

Мөлдір Әлиева қор өкілдеріне шексіз алғыс білдіреді. Сұхбат барысында ол мақсатымен де бөлісті.

МӨЛДІР ӘЛИЕВА:

– Алла жазса, жолдасым шығып жатса алға қойған мақсатым бар. Мамандығым бойынша бір жерге аспазшы болып жұмысқа орналасқым келеді. Қазір осы «Аналар үйінің» ас бөлмесінде жүріп, тағам дайындағанды жақсы көремін.

«Ана үйі» қоғамдық қоры жанынан 2016 жылы бала асырап алу жөніндегі ұлттық агенттік ашылғанын біреу білсе, біреу білмес. Оның негізгі мақсаты – тағдырдың тәлкегіне ұшыраған ұл-қыздарды асырап алуға қолдау көрсету.

ҚОРЛАН ЖАЙСЕНБАЕВА, «Ана үйі» ҚҚ өңірлік директоры:

– Еліміз бойынша 10 жыл ішінде 1800-ге жуық отбасы бала асырап алды. Біздің өңірге келетін болсақ, 153 жанұя 253 баланы тәрбиеге алды. Ұлттық агенттік ұл-қыздарды асырап алушыларға арнайы мектеп ұйымдастырған. Мұндағы мамандар Биспур университетінің бағдарламасы бойынша оқытылды. Олар келушілерге жан-жақты көмек көрсетеді.

Қазір Гүлнұр Ахаева 17 бала асырап отыр. Ұл-қыздардың 10-ын осы ұлттық агенттік арқылы асырап алған екен.

ГҮЛНҰР АХАЕВА:

– Бұл бір күнде шешілетін нәрсе емес. 2000-шы жылы перзентханада жатқанда тастанды балаларды көріп, жүрегімде қалып қойды. Сол кезде жолдасым рұқсат берген жоқ. Кейін өзім дүниеге 7 бала әкелдім. Сөйтіп 17 жыл уақыт өтті. Бір күні жолдасым келіп, “мен бала асырап алуға дайынмын” деді.

Арнайы агенттік азаматтарға бала асырап алғаннан кейін де қолдау көрсетеді. Қазір өңірімізде мамандардың көмегімен 68 бала тәрбиелеп отырған 40 отбасы бар екен.

 

Самал Жунусова