Қоғам

Елімізде электрлі самокаттардың қозғалысы заңмен реттелді

АЛДИЯР АЙТПАЕВ, тілші:

– Самокат – экологияны жақсартып, көлік кептелісін азайтуда таптырмас құрал. Электр скутердің шығыны аз, құны автомобильден арзан. Сол себепті, оны тіз­гін­деушілер қатары күн өткен сайын көбеюде. Жастардың қызығушылығы жоғары. Айтпақшы, күні кеше Мәжіліс депутаттары электр скутерді көлік құралы тізіміне қосты. Сондай-ақ, бірнеше ереже қабылданды.

Халық қалаулыларының мұндай шешімге келуіне көпшіліктің сұрауы себепші. Азаматтар депутаттардан самокат тізгіндегендердің қозғалысын реттеуді сұраған. Себебі, олардың кейбірі қара­пайым ережені сақтамайды. Жаяу жүргіншінің жолына шығып, жылдамдықты асы­рады, тіпті, біреуді қағып кетуі де мүмкін.

ЕКАТЕРИНА СМЫШЛЯЕВА, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– Жаңа көлік құралдарының жүрісін реттеу мәселелері бойынша өтініштер түсіп жатыр. Әсіресе, бұл мегаполистерге қатысты. Электр самокаттардың жолдармен және тротуарлармен жүруі жаяу жүргіншілер мен жүргізушілерге қауіп төндіруде. Заң жобасы 2 жыл бұрын әзірленген. Алайда, электр самокаттарға қатысты техникалық регламент тек 2022 жылдың шілдесінде қабылданды.

Жаңа ереже мынадай: электрлі самокат иелері жаяу жүргінші жолымен қозғала алады. Бірақ, жылдамдық сағатына 6 шақырымнан аспауы тиіс. Ал автожолмен тек 18 жастан асқан жандар жүре алады. Оның өзінде бәрі бірдей емес. Тек көлік жүргізу куәлігі бар азаматтарға ғана рұқсат берілген. Бас пен денеге арнайы киім де кию қажет.

– Самокатқа қатысты тиісті ереженің қабылданғаны құба-құп. Бірде өзімді самокат тізгіндеген азамат соғып кете жаздаған. Қауіптің алдын алған жөн.
– Саябаққан шыққанда балаларымның қолынан ұстап жүремін. Самокат мінген жандар жүйткіп жүреді.

Самокатшы автожолда 25 шақырымға дейін жылдамдықпен жүре алады. Өзімен жүк немесе жолаушы тасымалдауына тыйым салынады. Егер жылдамдық асса, 3-5 АЕК көлемінде айыппұл арқалайды. Айта кетейік, соңғы жылдары өңірде самокат тізгіндегендердің қатысуымен жол-көлік оқиғасы тіркелмеген.

 

Алдияр Айтпаев