Аптадағы маңызды жаңалықтарҚоғам

Ерлікке тағзым

Ұлы Отан соғысының ардагері Иван Клименко медаль толы костюмін таң ата киіп алыпты. Бұл – майдангердің үйреншікті әдеті. 96 жастағы қария әр жылдың 9-шы Мамырына ерекше дайындалып, мерекені атап өтеді. Күлкісіз күндерді, ұйқысыз түндерді де еріксіз еске алады.

ИВАН КЛИМЕНКО, ҰОС ардагері:

– Шығыс Пруссиядағы кескілескен ұрыстарға қатыстым. Кёнигсберг қаласы ешқашан ұмытылмайды. Біз үшін ондағы әр үй қамал болды. Қаншама сарбаз оққа ұшты. Біразын әлі білем. Есіме түскен сайын күрсінемін. Көзіме жас та келеді. Соғыс болмасын! Жастар оқу керек, ел үшін еңбек етуі қажет. Бірліктің, татулықтың қадірін бәрі бірдей білсе деген тілегім бар.

Алайда, бүгін күрсінетін күн емес. Ұлы Жеңіске 78 жыл толып отыр. Атаулы датамен Иван Клименконы облыс әкімі Айдарбек Сапаров арнайы келіп құттықтады.

АЙДАРБЕК САПАРОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Қимылы ширақ, айтары мол ардагерді “Мәңгілік алау” ескерткіші маңында көпшілік күтіп отыр. Айдарбек Сапаров жеңістің себепшісін көлігіне отырғызып, халық топтасқан жерге апарды. Бұл маңда еңбектеген бала да, еңкейген қарт та жүр. Көп кешікпей салтанатты шара басталды. Алдымен жұртшылық соғыста қайтыс болған азаматтарды 1 минуттық үнсіздікпен еске алды.

Лаулаған Мәңгілік алау өткен күннен сыр шертіп тұрғандай. Ұрпақ батырларды біледі. Көрсеткен ерліктері – көпке үлгі…

Облыс әкімі Айдарбек Сапаров пен ардагер Иван Клименко көз жұмғандардың рухына тағзым етті. Кейін “Мәңгілік алау” ескерткішіне халық гүл шоқтарын қойды. Көпшілігінің қолында соғысқа қатысқан атасының, әкесінің суреті бар. Битен Бектемірова әкесін сағына еске алады. Аға сержант Мұхамадия Бектеміров – Есіл ауданының тумасы. Ол майданға бозбала шақтан асқанда аттаныпты. Берлинге дейін жеткен екен.

БИТЕН БЕКТЕМІРОВА, қала тұрғыны:

– Әкем соғыс жайлы көп айтпады. Майданда көп қиындық көріпті. Көп жолдасынан айырылған екен. Әкеміздің көргенін көрмейік. Қазақстанымызда бейбітшілік болсын!

Бейбітшілік – елдің тірегі! Тұрғындардың тілегені бір. Бүгін күрсінген әрі күлімдеген көпшілік Қазақстанның аспаны ашық болғанын қалайды.

– Ауған соғысының ардагерлеріміз. Соғыстың шетін көрдік. Тәуелсіз Қазақстан еліне бейбітшілік тілеймін!
– Ашық аспан болсын! Ардагерлерімізді сыйлайық.
– Жеңіс күні құтты болсын! Соғыс болмасын! Қазақстан алға бассын!

Мерекеге орай халыққа концерт ұсынылды. Жұртшылық алдында жергілікті өнерпаздар өнер көрсетті.

БАЙБОЛАТ БЕКТЕМІРҰЛЫ, тілші:

– Соңғы деректерге сүйенсек, Екінші дүниежүзілік соғысқа Кеңес үкіметі тарапынан 32 млн адам қатысқан. Оның 1 млн 370 мыңы – қазақстандық. Ал елімізден аттанғандардың 90 мыңнан астамы – солтүстікқазақстандық. Өкінішке қарай, 45 мың жерлесіміз толарсақтан саз, тізеден су кешіп жүріп ажал құшты. Жауынгерлердің от пен оқтың ортасында асқан ерлік көрсеткені тарих беттерінде тайға таңба басқандай жазылып тұр. Жаужүрек сарбаздар Мәскеу, Сталинград түбінде, Ленинград қорғанысында және өзге де жерде болаттан соққан қалқан да, алдаспан да болды. Теріскей – 55 бірдей Кеңес Одағының батыры туған жер. Ешкім де, ешқашан да ұмытылмайды!

 

Байболат Култанов