Балалар

Жас өнертапқыштардың еңбегі

Бір ғана қағазға бүтіндей бір қаланың тарихы сыйған. Жақында Петропавлдағы дарынды балалар үшін мамандандырылған облыстық мектеп-лицейінің оқушылары тың жоба ойлап тапты. Өнертапқыштар “Олар жеңіске ұмтылды” деген атаумен сайт құрыпты. Онда облыс орталығының соғыс кезіндегі
стратегиялық маңызды объектілері туралы ақпарат берілген екен.

АНГЕЛИНА ЛУЗАНОВА, дарынды балалар үшін мамандандырылған облыстық мектеп-лицейінің оқушысы:

– Қаламыздың ескі және тарихи орындарын таңдап алдық. Оның ішінде ЖЭО, МЛД зауыты, “Мәңгілік алау” мен 314 атқыштар девизиясының ескерткіші бар. Біздің жобамыз арқылы бұл нысандарға қашықтықтан экскурсия жасауға болады. Ол үшін QR-кодты сканерлеу қажет. Мұнда объектілер туралы ақпараттар мен суреттер бар.

Қажетті ақпарды жинау үшін жастар мұрағаттарды аралаған. Тарихи фильмдер көріп, кітаптарды ақтарған. Ардагерлермен сұхбат та жүргізген екен. Айта кетейік, жақында өнертапқыштар бұл еңбекті Ресейдің Санкт-Петербор қаласында көпшілікке таныстырған.

АНГЕЛИНА ЛУЗАНОВА, дарынды балалар үшін мамандандырылған облыстық мектеп-лицейінің оқушысы:

– Шараға 10 елдің жастары қатысты. Өз жобамызды таныстырып, қаламыз жайлы баяндама жасадық. Қағаздарды барлық қатысушыларға таратып бердік. Біздің сапарымыздың мақсаты – Ленинград блокадасы кезіндегі адамдардың өмірін зерттеу. Кітаптар мен деректі фильмдерден қарап, ой түю басқа, ал сол кезді өз көзімен көрген жандармен сөйлесу мүлдем басқа әсер қалдырады.

Ресейде жастар “Өмір жолы” атты экскурсияға қатысқан. Аты айтып тұрғандай, жерлестеріміз болған жер мыңдаған адамның өмірін сақтап қалуға сеп болған.

АНТОНИНА УСОЛЬЦЕВА, дарынды балалар үшін мамандандырылған облыстық мектеп-лицейінің оқушысы:

– Біз Ленинград блокадасының мұражайын және оның жанында орналасқан ескерткішті өз көзімізбен көрдік. Онда бас қолбасшылардың, командирлердің, жаяу әскерилердің есімдері мен аттары жазылған. Тізімнен 314-ші атқыштар дивизиясын да таптық. Алдағы уақытта жұмысымызды жетілдіреміз.

Өнертапқыштар қолда бар ақпармен үстел ойынын, нақтырақ айтсақ, тарихи монополия ойлап таппақ. Ал жастардың бүгінгі еңбектері университет пен қаламыздағы кітапхана сөрелерінде қолжетімді.

 

Алдияр Айтпаев