Қоғам

Жалпыұлттық патриоттық диктант өтті

Петропавлда жалпыұлттық патриоттық диктант өтті. “Еркін ел ұрпағы” деп аталатын шара Ұлы Жеңіс күніне орай ұйымдастырылды. Диктант жазушылардың жасына қатысты шектеу жоқ.

СӘЛІМХАН СӘБИТОВ, СҚО қоғамдық даму және ақпарат орталығының маманы:

– Жалпы, бүгінгі күнде бұл іс-шара барлық Қазақстан бойынша өтетін болады. Біздің өңіріміздегі білім саласына қарайтын мекемелерде сағат 11-де басталады. Ал, қазір осы алаңда 20 адам қатысады.

Диктанттың көлемі шағын. 145 сөзден тұрады. Мәтін 3 рет оқылды. Бірінші кезекте тыңдаушылар мазмұнымен танысты. Екінші рет оқылғанда жазды, үшіншісінде өз қателерін қарады.
Қатысушылардың арасында оқу орындарын тәмәмдаған, тіпті жауапты саланың жүгін арқалап жүрген жандар да бар. Олар қазақ тілі бойынша өз сауаттылықтарын сынады. Солардың бірі – Гүлбақыт Байбусинова. Нәзікжандының 2 бірдей жоғары білім бар. Оның бірі – қазақ тілі және әдебиеті мұғалімі екен. Диктант жазу әлбетте қиынға соқпапты.

Гүлбақыт Байбусинова, СҚО қоғамдық даму және ақпарат орталығының бөлім басшысы:

– Жалғыз келген жоқпын. Бөлімдегі әріптестеріммен бірге келдім. Осындай шараны көп ұйымдастырып отырған дұрыс. Болашағымыз – жастардың тәрбиеленуіне, қазақ тіліміз бен салт-дәстүрдің дәріптелуіне өз септігін тигізеді.

Жалпыұлттық диктантқа солтүстікқазақстандықтардың 30%-ы қатысқан екен. Нәтижесі 10-мамырға қарай шығады.

 

Аснурия Абдула