Қоғам

Чех жерінде көз жұмған солтүстікқазақстандық майдангерлер анықталды

Осыдан бірнеше ай бұрын Қозыбаев университетінің құрметті профессоры Анатолий Плешаковқа сонау Чех жерінен хат келіпті. Белсенділер жолдаған электрондық құжатта Чехия мен Словакияда соғысып, ажал құшқан қазақстандықтардың аты-жөні жазылған екен. Белгілі тарихшы көп ойланбастан зерттеу жұмысына кіріседі. Тізіммен таныса келе теріскейдің тумаларын анықтайды.

Осылай жалғаса береді. Анатолий Плешаков әзірге ондаған солтүстікқазақстандықты анықтапты. Деректер қорытыла келе келешекте өңірімізден аттанғандардың саны артуы да мүмкін екен. Бүгінгі күнге дейін тарихшы 4 майдангердің туыстарын тауып та үлгерген. Арасында университет қабырғасында еңбек ететін азаматшаның ағасы да бар.

АНАТОЛИЙ ПЛЕШАКОВ, Қозыбаев университетінің құрметті профессоры:

– Тізімді оқып отырғанда 45-тің 1-ші мамырында ажал құшқан ефрейтор Атьков деген фамилия көзіме оттай басылды. Сол сәтте бірден әріптесім еске түсті. Онымен жүздесіп, мән-жайды түсіндірдім. Ол ағасы Чехияда соғысқанын, хабар-ошарсыз кеткенін айтты. Деректерді ұштастырдық. Сонда майдангер мен оқытушы туыс болып шықты. Ертең Петропавлға Отан қорғаушының бейітінен топырақ жеткізіледі. Жақындарына салтанатты түрде табысталмақ.

Жеңістің 78 жылдығы қарсаңында профессор Ресейдің Краснодар аймағынан да хат алған. Бұл өлкеде де қиян-кескі шайқас болыпты. Немістер таулы Кавказға өтіп, мұнайға қол жеткізуді көздеген екен. Алайда, бұған жаужүрек Кеңес әскері жол бермеген. Тарихи фактілерге сүйенсек, мыңдаған сарбаз көз жұмған.

АНАТОЛИЙ ПЛЕШАКОВ, Қозыбаев университетінің құрметті профессоры:

– Кавказда 100-ге тарта қазақстандық сарбаз оққа ұшты. Олардың ішінде жерлестеріміз де бар. Соңғы хат бойынша әлі зерттеу жұмысына кіріскен жоқпын. Дегенмен, мен 10-нан аса солтүстікқазақстандық анықталады деп ойлаймын. Майдангерлердің жақындарын табу – менің ендігі міндетім.

Қозыбаев университетінің құрметті профессоры Анатолий Плешаков зерттеу жұмысына мықтап кіріспекші. Ол өзге елден топырақ бұйырған теріскейліктердің барлығын алдағы уақытта анықтап, жақындарын таппақ ниетте. Қуанышымызға орай, өткен мен бүгінгіні байланыстырып жүрген тарихшыға көмектесетін жастар бар.

 

Байболат Култанов