Спорт

Петропавлда ата-аналар арасында республикалық волейбол турнирі өтті

Петропавлда ата-аналар арасында республикалық волейбол турнирі өтті. Алғаш рет ұйымдастырылған жарысқа еліміздің түкпір-түкпірінен жиылған он команда қатысты. Оның екеуі Солтүстік Қазақстан облысының намысын қорғады: Әбу Досмұхамбетов атындағы гимназия-интернат пен “Білім-Инновация” лицейі. Сайысқа білікті төрешілер төрелік етті.

НАРИМАН ӘСЕТҰЛЫ, жарыстың бас төрешісі:

– Екі ұпайға дейін ойнатамыз. Егер есеп бір де бір болса, он бес ұпайға дейінгі үшінші партия болады. Төрт жылдан бері төрешілік етіп жүрмін. Ата-аналар жарысы өте тартысты, өте қызықты өтеді.

Бұл жолғы жарыс та тартысты сәттерге толы болды. Ашылу салтанаты өткен залда алдымен астаналық және ақтөбелік ұжымдар сынға түсті. Батыстық команда ойын тізгінін бірден қолға алды. Олардың қимылы ширақ, соққылары мығым. Ұпай біріне соң бірі қоржынға түсті.

Дегенмен, астаналықтар қарап қалмады. Елордалық ата-аналар қанжығаларын жиі болмаса да майлап отырды. Талас-тартыс алаңында түсінбестік те орын алды. Волейболшыларды түсінуге болады. Әр ұпай бағалы. Мұндай сәтте төрешілер әділ шешім қабылдады.

Көп ұзамай алғашқы партия аяқталды. Бірінші кезеңде бес ұпай айырмашылығымен ақтөбелік команда жеңіске жетті.

НҰРБЕК КӘРІБАЕВ, жарысқа қатысушы, Ақтөбе қаласы:

– Жақсы дайындалып келдік. Биыл біздің команда Батыс аймақтың чемпионы атанды. Енді ел чемпиондары атану үшін барымызды саламыз. Өзім бұрын волейбол ойнамадым. Ұлымды биыл мектепке берген соң үйреніп, команда мүшесі атандым.

Екінші партия да Батыс аймағы чемпиондарының пайдасына шешілді. Осылайша, олар бас жүлдеге бір табан жақындады. Волейбол турнирінің өзіндік мақсаты бар. Ұйымдастырушылар мектеп пен ата-ана арасындағы байланыс одан әрі нығайғанын қалайды.

ЕРЖАНАТ БӘКІРОВ, Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернатының директоры:

– Ата-ана мектепке неғұрлым белсенді араласса, баласының тәрбиесі де, алатын білімі де соғұрлым жоғары болатынына біздің көзіміз жетті. Сол себепті, бір құрал ретінде ата-аналар арасында волейбол турнирін ұйымдастырып отырмыз. Бұдан да басқа іс-шараларымыз бар.

Ата-аналар арасындағы республикалық волейбол турнирі кешке аяқталды. Жеңімпаз – Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернаты командасы. Екінші сатыға Ақтөбе қаласындағы “Білім-Инновация” лицейінің намысын қорғаған ата-аналар жайғасты. Ал үшінші орын Cүлеймен Демирел лицейі атынан сынға түскен алматылықтарға бұйырды.

 

Байболат Култанов