Мәдениет

Кітапханада өткен достық фестивалі

«Бір шаңырақ астында». Осындай атаумен Ғ.Мүсірепов атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасында Қазақстан халқының бірлігі күніне орай фестиваль ұйымдастырылды. Байқауда түрлі ұлттардың билері биленіп, жастарға викториналық сұрақтар қойылды. Шараға Ю.Гагарин атындағы 14-ші орта мектептің 6-шы сынып оқушылары қатысып жатыр.

НИКИТА СИДОРОВ, Ю.А.Гагарин атындағы №14 орта мектебінің оқушысы:

– Менің ең жақын досым – неміс ұлтының өкілі. Біз кішкентай кезімізден етене араласамыз. Менің сыныбымдағы қазақ пен татар балалары – барлығымыз татумыз. Мектепте бір-бірімізге көмектесіп жүреміз.

Шарада балалар 2 топқа бөлініп, қазақ халқының «Қармақ» ойынын ойнады. Оқушылар белгіленген сызықтан бір-бірін қолдарынан ұстап тартып алулары қажет. Кім қарсыласын өз жағына шығарады, сол жеңімпаз атанады.

Бүгінгі шараның көркін ашқан – “Қуанамын” би ансамблі. Өнерпаздар қазақ және татар билерін билеп берді.

ВАЛЕРИЯ БОРИСЕНКО, “Қуанамын” би ансамблінің мүшесі:

– Мен бұл ансамбльге 4 жасымда келдім. Біз қазақ, орыс, татар, өзбек билерін билейміз. Біздің топта түрлі ұлттың қыздары бар. Барлығымыз бір-бірімізге құрбы-құрдаспыз.

ДИНАРА ҚАРАТАЕВА, Ғ.Мүсірепов атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасының бөлім басшысы:

– Осындай іс-шаралар оқушылардың Отанға деген сүйіспеншіліктерін қалыптастырып, патриотизмге тәрбелейді. Қазақстанда тұратын халықтардың дәстүрлерін құрметтеуге шақырады.

Шара соңында белсенді оқушыларға диплом және шағын сыйлықтар берілді.

 

Гульден Симбаева