Аптадағы маңызды жаңалықтарҚоғам

Еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөнінде кеңейтілген кеңес өтті

БАЙБОЛАТ БЕКТЕМІРҰЛЫ, тілші:

– Мемлекет басшысы бас қалада еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөнінде кеңейтілген кеңес өткізді. Аты айтып тұрғандай жиын ауқымды болды. Қасым-Жомарт Тоқаев әр салаға тоқталып, өзекті мәселелерді жіпке тізді. Проблемалар баршылық. Тіпті, шаш етектен деуге болады. Алдымен азық-түлікке қатысты түйткілді жария етейік. Қазақстанда соңғы 15 жылда болмаған өнім бағасының өсуі байқалыпты. Мұны тұрғындардың сезгені түсінікті. Ал инфляция ағымдағы жылдың ақпан айында 21,3% құрап, өзінің шарықтау шегіне жеткен.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Жұрттың ай сайын жұмсайтын қаржысының тең жартысынан көбі азық-түлік алуға кетеді. Үкіметтің әрекеті жеткіліксіз болып отыр. Тыйым салу және шектеу шаралары уақытша ғана әсер етеді. Мұндай қадамдар қиындықтың бетін қайтарса да одан біржола құтылуға мүмкіндік бермейді, тіпті, мәселені ушықтырады деуге болады. Ауыл шаруашылығы және өндіріс саласының дамуында нақты нәтиже жоқ. Азық-түлік инфляциясының басты себебі де – осында. Елімізде өндірілетін тауардың көлемі ішкі сұранысты қамтамасыз етуге жетпейді. Импортқа тәуелдіміз.

Өзекті мәселеге Үкімет шындап кірісуі қажет. Президент министрлер кабинетіне агроөнеркәсіптік кешеннің тұрақты өсуін қамтамасыз етуді тапсырды. Тағы бюджет қаражаты тиімді жұмсалуға тиіс. Әйтпесе, қазір мемлекеттің миллиондары ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кететін болған. 2019-2021 жылдары өнім өңдеуге берілген субсидияны алайық. Қазір қомақты қаржының тең жартысы субсидия алам деушілердің 10 пайызының ғана қолына тигені анықталып отыр.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Субсидия алған кейбір пысықайлар өндірісті өркендетудің орнына бюджет қаржысын қалтасына басып, шалқып өмір сүрген. Ал қарапайым шаруалар үшін субсидия алу – қияметтің қиыны. Оның үстіне субсидия беру жүйесі өте күрделі және қажетті мәлімет көпшілікке қолжетімді емес. Субсидия бөлуді реттейтін жаңа цифрлық жүйе бұл түйткілді шеше алмай тұр. Әрине, біршама жұмыс атқарылды. Мұны жоққа шығаруға болмайды. Бірақ, бұл бағыттағы жұмысты аяғына дейін жеткізу керек.

Соңғы уақытта қоғам тариф төңірегінде жиі әңгіме қозғап жүр. Көпшілік коммуналдық қызметтерге бекітілген бағаның өзгергеніне, нақтырақ айтсақ, өскеніне қарсы.

БАЙБОЛАТ БЕКТЕМІРҰЛЫ, тілші:

– Тарифті өсіруден түскен қосымша қаржы тек қана коммуналдық инфрақұрылымды жаңғыртуға жұмсалуы керек. Сондай-ақ, жаңа қуат көздерін іске қосуға және жұмысшылардың жалақысын көтеруге бағытталуы қажет. Монополистердің міндеттері мұқият нақтыланып, толығымен орындалуы тиіс. Кеңейтілген кеңесте Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деді және Үкіметке тапсырма берді.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Үкіметке қаржының жұмсалуын бақылайтын қатаң амал-тәсілдер енгізуді тапсырамын. Оған цифрлық бақылау жүйесін де енгізу керек. Жұрт коммуналдық қызмет үшін төлеген ақшасы қайда кетіп жатқанын көріп отыруы тиіс. Қазіргі заманғы ақпараттық технология бұған толық мүмкіндік береді. Жанар-жағармайдың бағасын көтеру мәселесіне де дәл осылай қараған жөн. Түскен қаржыны делдалдар, яғни алыпсатарлар иемденіп кетпеуі қажет. Оны жаңа мұнай-газ жобаларын жүзеге асыруға және мұнай өңдеу зауыттарын жаңғыртуға жұмсау керек.

Алқалы жиында мемлекет басшысы білімге де тоқталды. Қазақстанда бұл салаға көп көңіл бөлінеді. Алайда, еліміз соңғы 10 жылда орта білім сапасы бойынша 80 елдің ішінде 50-ші орыннан көтерілмеген. “Демек, жағдайымыз мәз емес”,- деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Президент әкімдерге де тапсырма берді.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Әлеуметтік, инженерлік инфрақұрылымды дамыту және жолдарды жөндеу арқылы ауылдың тұрмыс сапасын жақсарту – әкімдердің басты міндеті. Ауыл тұрғындары таза сумен және тұрақты электр қуатымен толық қамтамасыз етілуге тиіс. Сондай-ақ, мобильді байланыс және интернет қолжетімді болуы керек. Елге қаптаған статистика емес, нақты нәтиже, жылдам интернет, сапалы байланыс керек.

БАЙБОЛАТ БЕКТЕМІРҰЛЫ, тілші:

– Болашақта Қазақстанда азаматтарды қабылдайтын бірыңғай орталық та ашылмақ. Орталық мемлекеттік органдардың бірінші басшылары мен адамдар арасындағы тікелей байланыс стандартын белгілейді. “Әкімдер жергілікті жерлерде де осындай жұмыстарды ұйымдастыруы керек”,- деді Президент.