Білім

Жастардың ғылыми ізденісі – ел болашағы

12 сәуір – Ғылым саласы қызметкерлерінің күні. Осы орайда Қозыбаев университетінде облыстық диалог алаңы өтті. «Жастардың ғылыми ізденісі – ел болашағы» деп аталатын жиынға 40 адам қатысуда. Олар: университет оқытушылары, мектеп, коллеждж мұғалімдері және оқушылар.

БАҚЫТ ҒАБДУЛЛИНА, білім саласындағы әдістемелік жұмыс және ақпараттық технологиялар орталығы директорының орынбасары:

– Бұл ашық диалог алаңында қатысушылардың ғылыми білім беру саясатының өзекті мәселелері қарастырылады. Университет қазіргі таңда облыстық білім мекемелерімен 3 бағыт бойынша тығыз байланыста. Олар: педагогикалық тәжірибе, инклюзивті білім беру, кәсіби жұмыс.

Мағжан Жұмабаев коллеждінің студенттері де ғылымға құштар. Алған асулары мен жеткен жетістіктері жетерлік. Ізденімпаз жастар «WorldSkills Kazakhstan» чемпионатының жеңімпазы атаныпты. Колледж студенттерінің IT салаға деген қызығушылығы көп.

ӘСЕМГҮЛ ТАСМАҒАМБЕТОВА, М.Жұмабаев атындағы жоғары колледжі директорының орынбасары:

– М.Жұмабаев атындағы жоғары колледжінде ғылыми студенттер қоғамы ұйымдастырылған. Оның міндетті түрде жұмыс жоспары, мақсаты белгіленген. Жалпы, студенттері ғылыми-практикалық конференцияларға, әр түрлі деңгейдегі облыстық жарыстарға белсене қатысады. Сонымен қатар, бізде “Жас маман” бағдарламасымен IT құзыреттіліктері бойынша өте жақсы кабинеттер ашылды.

Диалог алаңында дарынды мектеп оқушылары да бой көрсетті. Соның бірі – Юлия Штрак. Жас ізденімпаз ғылымға бастауыш сыныптан бет бұрған.

ЮЛИЯ ШТРАК, бірінші қалалық жалпы білім беретін IT-лицейінің оқушысы:

– “Қараусыз қалған жануарларға арналған баспаналардың экономикалық тұрғыда тиімділігін зерттеу” атты жоба жаздым. Жануарларды қорғау және қаражат бөлу мәселесін көтердім. Мәселені кім шеше алады деген сұраққа жауап іздедім. Бұл жағдайда мемлекеттік-жеке меншік әріптестік тиімді деп шештік.

Соңғы 3 жыл ішінде солтүстікқазақстандық оқушылар ғылыми жобалар байқауында 6 алтын, 5 күміс пен 16 қола медаль иеленген.

 

Аснурия Абдула