Денсаулық сақтауҚоғам

Көктем адамға қалай әсер етеді?

АЛДИЯР АЙТПАЕВ, тілші:

– Халқымыз көктем мезгілін «Жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер шағы» дейді. Мұның астарында үлкен мән жатыр. Расымен де қыстан кейін ағзамыздағы әлсіздікті сезінеміз. Бірімізді ұйқы қысып, шаршағыштыққа бой алдырсақ, енді бірінің жиі басы айналып, көзі қарауытады. Көңілде де алабұртқан сезімдер пайда болады. Кейбіреуі мұны көктемнің әсері дейді. Халық айтса қалып айтпайды демекші, осы жөнінде жерлестерімізден сұрайық.

– Бірер күн ұйқысыздық мазалайды. Өзіңді жайсыз сезінген жағдайда психологқа жүгінген жөн болар.
– Жеке өзіме көктем еш әсер етпейді. Ұйқысыздық, мазасыздық болмайды. Бірақ, жақындарымның осы мезгілде созылмалы аурулары асқынады.
– Негізі, сақтанып жүру керек. Қажет болса, медицина мамандарына қаралу керек.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне сүйенсек, 2019 жылы әлемдегі әрбір сегізінші адам психикалық денсаулығының бұзылуынан зардап шеккен. 2020 жылы пандемия кезінде мазасыздық пен депрессияға бой алдырғандардың саны күрт өсті. Қазір психикалық бұзылулар тек көктемде ғана емес, жылдың кез келген мезгілінде де байқалады екен. Бұл мәліметпен психикалық денсаулық орталығы директорының орынбасары Марианна Морожникова бөлісті.

МАРИАННА МОРОЖНИКОВА, психикалық денсаулық орталығы директорының орынбасары:

– Бұрын көктемде психикалық бұзылулардың маусымдық ауруы жиі байқалатын. Қазір бұл кезең біршама қысқарды. Себебі, климат өзгеруде. Көктемде барлық процестер жаңарады. Ауа температурасы мен атмосфералық қысым өзгереді. Мұның бәрі қантамыр жүйесінің жұмысына әсер етеді. Осыған байланысты метаболизмнің жоғарылауы байқалады. Оның ішінде мида да. Бұл психикалық бұзылуларға әкеп соқтырады.

Есте сақтау қабілетінің төмендеуі, ұйқының қашуы, алаңдаушылық. Айта кету қажет, көктемде адамның жан күйі ғана емес, тән саулығы да сыр беруі мүмүкін. Өйткені, алты ай қыстың соңында бойдағы дәрумен қоры таусылады. Содан әлсіздікке тап болады. Марианна Морожникованың айтуынша орталыққа наурыз айынан бері 3 мың солтүстікқазақстандық жүгінген.

МАРИАННА МОРОЖНИКОВА, психикалық денсаулық орталығы директорының орынбасары:

– Біздің орталықта және қаладағы емханаларда психологикалық орталық бар. Мамандардың көмегіне жүгінуден қорықпау қажет. Егер психиатриялық деңгейдегі бұзылулар болмаса, психологиялық көмек пен қолдау көрсетіліп, дәрі-дәрмек тағайындалуы мүмкін. Психикалық бұзушылыққа жол бермеу үшін спортпен айналысу керек. Тамақ пен ұйқыға мән беру қажет. Таза ауада көп тыныстап, серуендеу қажет.

Қазіргі таңда қаладағы психикалық денсаулық орталығында 13 мың адам есепте тұр.

 

Алдияр Айтпаев