Ауыл шаруашылығы

Төрт түлікке көктемгі екпе егу науқаны жүріп жатыр

Қазір қойдан қан алынып, аусыл ауруына қарсы екпе егілуде. Мамлют ауданына қарасты Воскресеновка ауылының мал дәрігері әрі ауыл тұрғыны Шеген Нұғыманов 2 ауылдың төрт түлігіне екпе қойған. Енді бүгін өзі тұратын ауылға кірісті.

ШЕГЕН НҰҒЫМАНОВ, Воскресеновка ауылының мал дәрігері, Мамлют ауданы:

– Өзіміздің ауылымызды қамтыған соң мал дәрігері жоқ округтерге барып көмектесеміз. Кім үлгере алмай жатыр, оларға да барып қол ұшын береміз. Қатерлі ауруларға, сібір жарасы мен аусылға қарсы екпе жұмыстары жүріп жатыр. Біздің міндетіміз – малдардың денсаулығын қадағалау. Бұл ауруларды болдырмау үшін іс-шара жүргіземіз. Округте 1200-ге жақын қара мал бар, 1300-ге жақын қой бар, олардың 50 пайызын бітірдік.

Шеген Нұғымановтың осы салада еңбек етіп жүргеніне – 42 жыл. Малды жыл сайын тексертіп, аса қауіпті ауруларға қарсы екпе қойдырту міндет дейді. Өйткені, тексерілмеген малда қандай да бір ауру пайда болса, ол адамға жұғуы мүмкін. Сиырларға сібір жарасына қарсы екпе егілгеннен кейін 15 күн өткен соң аусылға қарсы вакцина қойылады. Әр вакцинаның өзінің аралығы бар. Малдан ауру табылса, оны карантинге жабады.

ГҮЛДЕН СЕМБАЕВА, тілші:

– Воскресеновка ауылында 300 шақты үй бар. Оның 100-ге жуығының тұрғындары төрт түлік ұстайды. Барлығы – 300-ге жақын қара мал мен 800 қой бар. Қазіргі таңды оларға екпе егу науқаны жүріп жатыр.

Ақпан айында бастау алған егу-диагностикалау жұмыстары мамырға дейін жалғасады. Ауданда 1 вакциналық станция мен 13 ветеринарлық қосын бар.

ЛЮДМИЛА ЧЕРНОУСОВА, Мамлют ауданы ветеринариялық станциясының директоры:

– Бүгінге дейін 12 мың бас ірі қара мал 4 мың ұсақ мал бруцеллезге тексерілді. Сібір жарасына қарсы 4 мың ірі қара мал және 6 мың ұсақ мал егілді. Ауданда 13 дәрігер бар. Тағы 4 маман жетіспейді.

Облыста аса қауіпті ауруға қарсы барлығы – 810 мыңнан астам мал мен құс вакциналанды.

 

Гульден Симбаева