СҚО әкімдігіАптадағы маңызды жаңалықтарСайлау

Облыс әкімі Айдарбек Сапаров өз таңдауын жасады

АЛДИЯР АЙТПАЕВ, тілші:

– Облыстық балалар мен жасөспірімдер орталығындағы №595 сайлау учаскесі. Таңғы сағат 7-ден 10-ға дейін бұл жерде 100-ден астам адам дауыс берген. Жалпы, аталған учаскеге бүгін 1338 қала тұрғыны келіп, өз таңдауын жасауы тиіс.

№595 учаскеде ағайынмен бірге облыс әкімі Айдарбек Сапаров та өз таңдауын жасады. Өңір жетекшісі маңызды науқанға жарымен бірге келген екен.

Осы учаскеде облыс әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов пен қала әкімі Руслан Аңбаев дауыс берді.

Таңнан бері учаскеге келген жерлестеріміздің дені – аға буын өкілдері. Бюллетень алып, өз азаматтық ұстанымын тыл еңбеккері Николай Орлов та білдірді. Ел болашағына бейжай қарамайтын азамат депутаттық орынға отыруға адал, көзі ашық, көкірегі ояу жандар ғана лайықты дейді.

НИКОЛАЙ ОРЛОВ, тыл еңбеккері:

– Әрине, бұл сайлаудан кейін оң өзгерістер орын алса дейміз. Сол үшін де бүгін депутаттарды таңдап жатырмыз. Келешек ұрпақ ештеңеден қысылмай, бақытты өмір сүргенін қалаймын. Өз басым бірде-бір сайлаудан қалыс қалмаймын. Жерлестерімізді бүгінгі саяси науқанға белсенді қатысуға шақырамын.

Бюллетеньге белгі қойып үлгергендердің тағы бірі – Толқын Назарова. Нәзікжанды “Бүгін сайланатын депутаттар артқан сенімді ақтаса екен”,- дейді.

ТОЛҚЫН НАЗАРОВА, қала тұрғыны:

– Бұл – жаңа Қазақстан құру жолындағы тағы бір нақты қадам. Бүгін қазақстандықтар өздерінің таңдауларын жасап жатыр. Кандидаттарға артқан сеніміміз мол. Берген уәделерін ұмытпай, халыққа жақын болса екен.

Енді бүгінгі сайлаудың өзгесінен айырмашылығына тоқталайық. Бәріміз білетіндей, бұл саяси науқан өткен жылғы референдумнан кейін енгізілген бірқатар өзгерістермен өткізіліп жатыр. Яғни, аралас форматта. Кандидаттар тек партиядан ғана емес, халық арасынан да шығарылды. Соңғы рет мұндай дауыс беру 2004-ші жылы өткен.

ҚАНАТ СӘДУАҚАС, №595 учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы:

– Биылғы сайлаудың ерекшелігі дауыс берушілерге 1 бюллетень емес, түрлі түсті бес қағаз беріледі. Тұрғындар Мәжіліс және облыстық және қалалық мәслихат депутаттарын таңдайды. Сондай ерекшелік бар.

Көк бюллетеньмен тұрғындар партиялық тізім бойынша Мәжіліс депутаттарын сайлайды. Ал жасыл бюллетень бірмандаттық, яғни Мәжіліске өзін-өзі ұсынғандарды таңдауға арналған. Облыстық мәслихат депутаттарын сайлау үшін жерлестерімізге қызыл және қызғылт сары құжат беріледі. Оның бірінде партия атынан, екіншісінде өзін-өзі ұсынған кандидаттар арасынан таңдау жасау керек. Ал бюллетень қағаз қалалық мәслихат депутаттарына дауыс беру үшін арналған.

 

Алдияр Айтпаев