Сайлау

М.Жұмабаев ауданының тұрғындары сайлауда белсенділік танытуда

М.Жұмабаев ауданындағы сайлау учаскелерінің есіктері таңғы 7-де ашылды. Ауданда барлығы 55 учаске құрылған. Соның 8-і Булаево қаласында орналасқан. Мына №201 учаскеде 801 адам дауыс беруі тиіс. Ел болашағы үшін тұрғындар белсенділік танытуда. Гүлнәр Әділованың мектеп қабырғасында жұмыс істеп жүргеніне біраз болыпты. Бүгін халықтың мүддесін қорғайтын лайықты депутатқа дауыс беремін дейді.

ГҮЛНӘР ӘДІЛОВА, Булаево қаласының тұрғыны:

– Жұмыстардың барлығы жақсы өтті. Сайлау ойдағыдай өтсін. Өзім 17 жыл Мағжан Жұмабаев атындағы орта мектебінде жұмыс атқарып келемін.

Қарлығаш Сапарова сайлауға жолдасымен бірге келген. Нәзікжанды елімізде оң өзгерістер орын алғанын, балалардың дамыған елде білім нәрін бойға сіңіргенін қалайды.

ҚАРЛЫҒАШ САПАРОВА, Булаево қаласының тұрғыныы:

– Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, “Жаңа Қазақстан құрамыз”. Міне, бүгін сайлауда жаңа адамдар сайланып жатыр. Осы сайланып жатқан жаңа депутаттар “Жаңа Қазақстан” құруға өз үлестерін қосады деп сенемін. Сол себепті, сайлауға келіп отырмын. Үйде осы саяси науқан жайында талқыладық.

Денсаулық жағдайы бойынша келе алмаған тұрғындар ұмыт қалмайды. Көшпелі урналар алдын ала түскен өтініштер бойынша үйлерге жеткізіледі. Бүгін учаске өкілдері 5 адамға бармақ. Әрбір жанның дауысы маңызды.

СЕРІК ЖҰМАҒҰЛОВ, №201 сайлау учаскесі комиссиясы төрағасының орынбасары, М.Жұмабаев ауданы:

– Депутаттарды сайлау – ең маңызды іс-шара. Саясат мәдениетін жоғары көтеру үшін қазіргі таңда Мәжіліс депутаттары сайланып жатыр.

№201 сайлау учаскесі жұмысының алғашқы 2 сағаты ішінде 801 сайлаушының 9% дауыс берді. Таңдау жасауға келгендер үшін ән айтылды, сонымен қатар, М.Жұмабаев атындағы орта мектебі оқушыларының суреттері қойылған көрме ұсынылды.

 

Гульден Симбаева