Сайлау

М.Жұмабаев ауданында 20 мыңға жуық адам дауыс беруге құқылы

Булаево қаласында орналасқан №203 сайлау учаскесі. Мұнда алғашқы 3 сағаттың ішінде тұрғындардың 17 пайызы таңдау жасады. Бақылаушылардың айтуынша, жергілікті халықтың көңіл күйі көтеріңкі. Жауапкершілікті сезінген олар үздіксіз келіп дауыс беруде. Келушілер учаскеде “Altyn Urpaq” балалар және жасөспірімдер шығармашылығы орталығының шәкірттері жасаған қолөнер бұйымдарының көрмесін де тамашалай алды.

– Қуаныштымын. Өзім қатысып шықтым. Еліміздің жарқын болашағы үшін дауысымды бердім. Жақсылық болсын. Келе жатқан мереке құтты болсын. Қазір әйелім келіп дауыс береді. Ата-анам өз таңдауын жасап кетті.
– Сайлау науқаны бәріміз үшін өте маңызды. Кемел келешек үшін дауыс береміз.
– Қазақстанда үлкен мейрам деуге болады. Сайлау жүріп жатыр. Өте қуаныштымыз.

№203 сайлау учаскесінде М.Жұмабаев ауданының Құрметті азаматы Сергей Заев та жүр. Ол бақылаушы қызметін атқаруда.

СЕРГЕЙ ЗАЕВ, №203 сайлау учаскесінің бақылаушысы, М.Жұмабаев ауданы:

– Таңғы 5:45-те келдім. Ал халық 7-ден келе бастады. Тұрғындар өз таңдауларын жауапкершілікпен жасап жатқандары көрініп тұр. Белсенді ат салысуда. Ешқандай бұзушылық анықталған жоқ.

Түскі 2-де сайлау учаскесінде таңдау жасағандар 50 пайызға жуықтады. Нақтырақ айтсақ, 1097 адамның 520-сы дауыс берді. Жалпы, М.Жұмабаев ауданындағы сайлаушылардың саны 20 мыңға жуықтайды.

 

Самал Жунусова