Мәдениет

Өңір жастары республикалық челленджді қолдады

Екі ішектің бірін қатты, бірін сәл-пәл кем бұра.
Нағыз қазақ – қазақ емес,
Нағыз қазақ – домбыра!

Бұл уақытта елдегі барлық мектеп және колледжде қазақтың қара домбырасының үні шықты. Қазақстандағы жалынды жастар Наурыз мейрамына орай оқу-ағарту министрлігінің бастамасымен ұйымдастырылған челленджге бір адамдай қатысып жатыр. Қалың қатардан Е.Серкебаев атындағы өнер колледжі де қалыс қалмады. 40-тан астам жас Құрманғазы бабамыз бен Әбдімомын Желдібаевтың күйлерін кезек-кезек орындады.

Білгің келсе біздің жайды, содан сұра тек қана:
Одан асқан жоқ шежіре, одан асқан жоқ дана.
Бұл өлең жолдары домбыра жайлы. Аспаппен қазақ халқы қуанышын да, қайғысын да жеткізді. Мәдени мұраның киелі болғаны соншалық ата-бабамыз оны төріне ілген. Құрметті меймандарға одан асқан сый болмаған. Бүгін асыл қазынаның құлағында көпшілікпен бірге Мөлдір Омарова да ойнады. 4-ші курс студенті домбыраны жанына серік еткеніне 8 жыл болыпты.

МӨЛДІР ОМАРОВА, Е.Серкебаев атындағы өнер колледжінің студенті:

– Күй атасы Құрманғазының және оның шәкірті Динаның күй өнері ұнайды. Домбыра ойнаған кезде жаным тынышталып, рахаттанамын. Сүйікті ісіммен айналысып жатқан соң бөлек әлемге кіргендей боламын.

Колледжде бас-аяғы 3 туынды орындалды. Жастар Құрманғазының “Балбырауыны” мен “Адайын” және Әбдімомын Желдібаевтың ел арасында кең танылған “Ерке сылқым” күйін тартты.

ӘЛИЯ ХАЛАУДИНА, «Е.Серкебаев атындағы өнер колледжі-өнерде дарынды балаларға мамандандырылған мектеп-интернат» кешені директорының орынбасары:

– Ермек Серкебаев атындағы өнер колледжі бұл бастамаға қуана қатысты. Біздің колледжден облысымызға, елімізге танымал домбырашылар шықты. Домбыра қазақтың ұлттық аспабы болғаннан кейін ұлттық мерекеде дәріптелуде. 1-45 Рухымызды көтеріп, ұлттық құндылықтарды дәріптейтін іс-шаралардың маңыздылығы зор.

Ермек Серкебаев атындағы колледж мамандарының айтуынша, білім ұясындағы әрбір екінші бала домбырада ойнай алады.

 

Алдияр Айтпаев