Ауыл шаруашылығы

Делегация сүт фермаларын аралады

Делегация барған алғашқы нысан – Қызылжар ауданындағы “Қызылжар-сүт” тауарлы-сүт фермасы. Нысан 2019 жылы іске қосылды. 720 басқа арналған. Мұндағы бір сиыр тәулігіне шамамен 27 литр сүт береді. Бұл – жақсы көрсеткіш. Көптеген кәсіпкерлер ірі қара малдың симментал тұқымына басымдық береді, өйткені, малдың осы түрі біздің ауа райына бейімделген әрі жемазық талғамайды. Сиырлар негізінен Австриядан, Чехиядан және Германиядан әкелінеді. Фермерлердің айтуынша, мал шаруашылығымен мемлекет қолдауынсыз айналысу мүмкін емес. Қаражаттың басым бөлігін Аграрлық несие корпорациясы арқылы алуға тура келген, өйткені, мұндай ірі жобаны жүзеге асыру үшін 4 млрд теңгеден астам қаражат қажет.

ОЛЖАС БЕКТАСОВ, “ҚЫЗЫЛЖАР-СҮТ” ЖШС ДИРЕКТОРЫ, ҚЫЗЫЛЖАР АУДАНЫ:

– Барлық мал өсірушілер және өсімдік шаруашылығымен айналысатын диқандар субсидия түріндегі мемлекеттік қолдау өте қажет дейді. Яғни, субсидиясыз біздің тіпті жобаны да өтейтін мүмкіндігіміз болмас еді. Қолдаусыз бірде-бір адам бұл бизнеске келмейді. Егер біз инвестициялық субсидиялар туралы айтатын болсақ, бұл – өзіндік құнның 25%, сиыр үшін біз 400 мың теңге алсақ, сүтке субсидия 21 мен 31 теңге аралығын құрайды.

ЗКТ: Геннадий Зенченко Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін алғашқылардың бірі болып сүт фермаларын қалпына келтіріп, мал шаруашылығын дамытуды қолға алды. Қазір отбасылық істі ұлы Геннадий Геннадьевич Зенченко жалғастыруда. Жалпы, кешен 1000 сауын сиырға арналған. Мұнда бір сиырдан күніне 30 литр сүт сауылады. Бұл – бүкіл ел бойынша ең жақсы көрсеткіштердің бірі.

ГЕННАДИЙ ЗЕНЧЕНКО, “ИВАН ЗЕНЧЕНКО” ЖШС ДИРЕКТОРЫ, АҚҚАЙЫҢ АУДАНЫ:

– Малды күтіп ұстаудан бөлек, жақсы техника болуы тиіс. Бірақ, ең бастысы – жемшөптің құнарлы болуы керек. Жемазықтың бірнеше түрін дайындаймыз: жоңышқа пішені, жоңышқа сүрлемі және құрама жем. Арпадан гөрі жүгеріге басымдық бердік. Бас зоотехник малға пайдалы рацион құруы керек.

Делегация барған соңғы нысан – Аққайың ауданындағы “Дайындық-агро” серіктестігінің фермасы. Меймандар тек бизнесті ғана емес, жалпы ауылды дамытудың жарқын көрінісінің куәсі болды. Жұмысшыларға тұруға және жұмыс істеуге қолайлы жағдай жасау – елді мекенді сақтап қалудың кепілі.

АЛЕКСАНДР ПАВЛОВСКИЙ, “ПАВЛОВСКИЙ” ЖШС БАСШЫСЫ, ҚОСТАНАЙ ОБЛЫСЫ:

– Өңірдегі мал шаруашылығының, соның ішінде сүтті бағыттың дамуына таң қалып отырмын. Кәсіпкерлердің ауыл үшін істеп жатқан ісі де қуантарлық және үлгі аларлық жайт. Ауылда жұмыс бар, әлеуметтік жағдай жасалған. Бұл тәжірибені өзіміздің жұмысымызға енгізгім келеді. Мен етті мал шаруашылығымен айналысамын. Тәжірибе бар, серіктестік сатып алдым. Қазір 150 сауын сиыр бар, бірақ, мал қорасы ескі. Соны жаңарту керек.

Соңғы 5 жылда біздің облыстің өзінде 30 сүт кешені пайдалануға берілді. Бұл – елдегі жалпы сүт фермаларының үштен бірі. Бүгінде ірі қара саны 16,5 мыңға жеткен. Мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылды. Осыдан 5 жыл бұрын өңірде заманауи тауарлы-сүт фермаларын салу бойынша пилоттық жоба іске асырыла бастаған болатын. Бұл сүт өндірісі көшбасшыларының қатарына қосылуға мүмкіндік берді.

БЕРІК НЫҒМАШЕВ, “Сүтті және аралас ІҚМ тұқымы” республикалық палатасы директорының орынбасары:

– Бұл турды алдағы уақытта тағы да ұйымдастырамыз. Өйткені, нәтиже бар. Турға қатысқысы келетіндер көп.

Жалпы, Солтүстік Қазақстан облысын дамытудың кешенді жоспары аясында 2021-2022 жылдары агроөнеркәсіптік секторды дамытуға республикалық бюджеттен 35 млрд теңге бөлінді.