Қоғам

Балталы сыныптасын тоқтатқан екі оқушы марапатталды

Ақпан айында батырлық танытқан 2 оқушы марапатталды.
Нұрислам Сандыбай мен Алдияр Нұртаев 4-ші мектепте балтамен 3 оқушыны жарақаттаған сыныптасын тоқтатып, қолынан суық қаруын сыпырып алған болатын. Екеуі бүгін полиция департаментіне шақыртылып, сыйлық алды. Ал аналарына осындай үлгілі ер азамат тәрбиелегендері үшін алғыс хат табыс етілді.


ПД бастығының бірінші орынбасары Қанат Айтбаевтың атуынша, мұндай жағдайда ересек адамның өзіне дұрыс шешім қабылдап, жедел әрекет ету қиын. Бұл балалар осы батыл қадамымен өздерін де, өзгелерді де қорғап қалды.

Батыр балаларды бұған дейін мектеп әкімшілігі марапаттаған болатын. Екеуі де мектепте белсенді, спортпен шұғылданады екен. Болашақ мамандықтарын әлі таңдамапты. Полиция қызметкерлері қос жеткіншекке олардан жақсы тәртіп сақшылары шығатынын айтты.

Нұрислам Сандыбай, №4 орта мектебінің 9-сынып оқушысы:

– Бос уақытымды мен жаттығу залында өткіземін. Спортпен тұрақты түрде шұғылданамын.

Еске сала кетейік, ақпан айында 4-ші орта мектепте болған оқиғаға қатысты
сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Оның нәтижесі бойынша процестік шешім қабылданады.