Ауыл шаруашылығы

Өңірде “Алғашқы сүт туры” ұйымдастырылды

Солтүстік Қазақстан облысы сүт өндіруден ел бойынша алдыңғы қатарда. Өткен жылы өңірдегі тауарлы-сүт фермалары 647,8 мың литр ақ өндірген. Бұл елдегі жалпы көлемнің 10,2%-ын құрайды. Облыста бұл бағытты 100-ден астам агроқұрылым мықтап қолға алған. Тегеурінді шаруашылықтардың бірі – Мамлют ауданындағы “Мәмбетов и К” КС. Меңгесер ауылындағы тауарлы-сүт фермасында 1350 бас симментал сауылады. Бір-біреуі күніне 24 литр ақ береді екен. Серіктестік мамандары өз тәжірибесімен Ақмола, Жамбыл, Жетісу, Қостанай облыстарынан келген шаруалармен бөлісті.

АРМАН ДӘУЛЕТОВ, “Мәмбетов и К” КС мал шаруашылығының бас технологы:

– Қазір сіздерді ферманың жұмысымен таныстырамыз. Сиырларды қалай бұзаулатып, төлді қалай өсіретіндігімізді көрсетеміз. Яғни, бұзаудың сауын сиырға дейін жетілу процесін қадағалау барысына куә боласыздар.

Бірінші болып көпшілік арнайы төлдеу алаңына барды. Мұнда бұзаулаған сиырлар 10 күн бойы өзге ірі қаралардан бөлек сауылады. Ал жаңа туған бұзаулар бірден кептіру қосынына жөнелтіледі. Қыстыгүні олар 3 сағат, ал жазда 1 сағат кептірілуі тиіс. Кейіннен Зеңгі баба төлі арнайы қорада күтіледі. Айта кетейік, 1,5 жасқа дейін ірі қара 3-4 алаң ауыстырады екен. Жалпы, шаруалар үшін пайдасы мол турды облыстық әкімдіктің қолдауымен “Сүтті және аралас ІҚМ тұқымы” республикалық палатасы ұйымдастырып отыр.

БЕРІК НЫҒМАШЕВ, “Сүтті және аралас ІҚМ тұқымы” республикалық палатасы директорының орынбасары:

– Біздің қауымдастықта бүгінде 250-ден астам тауарлы-сүт фермасы бар. Солар үшін және енді бастайын деп жатқан шаруалар үшін бұл серіктестіктің қыр-сырын көрсетейік деп арнайы тур ұйымдастырдық.
1-58 Қазір біз тұрған ферманы 5 жыл бұрын ашу үшін мамандар көптеген шет елдерге барып, тәжірибе жинақтады. Бүгінгі күні қазақстандық фермерлерге шекара асып, басқа елдерге барудың қажеті жоқ. Бүгінгі күні ондай фермалар Қазақстанда да бар.

Тауарлы-сүт фермасын ашуға Арнас Несіпбаев та ниетті. Азамат турға қатысу үшін арнайы Жамбыл облысынан келіпті. Қазіргі таңда оның 2 шаруа қожалығы мен 1 серіктестігі бар.

АРНАС НЕСІПБАЕВ, кәсіпкер, Жамбыл облысы:

– Қазақтың ақбасын ұстаймыз. 2500 бас аналық бар. Біз бұзау сатумен айналысамыз. Бүгін үлкен тәжірибе жинақтадық. Ертең бұл бағытта жұмысты бастасақ, бізге көмегі тиері анық. Егер мемлекет бізді қолдап, қаржы бөлсе, жұмысты биыл бастауды жоспарлап отырмыз.

Шаруалар үшін мемлекет тарапынан да қолдау көптеп көрсетілуде. Биылдан бастап тауарлы-сүт фермасының құрылысына кеткен шығынның 25%-ын мемлекет өтейді. Оған қоса сүтке де субсидия бөлінеді. Шаруалар ақты зауыттарға өткізген жағдайда 1 литрі үшін үкіметтен 25-40 теңге көлемінде қаржылай қолдау алады. Палата өкілдерінің айтуынша, Солтүстік Қазақстанның тегеурінді тәжірибесіне қызығушылық танытып жатқандар жетерлік. Оларға арнап мамандар алдағы уақытта тағы осындай тур ұйымдастырмақ.

 

Алдияр Айтпаев