Қоғам

Қала әкімі нәзікжандыларға құрмет көрсетт

Нәзікжандыларды халықаралық әйелдер күнімен қала әкімі Руслан Аңбаев та құттықтады. Мерекелік іс-шара қалалық мәдениет үйінде өтті.

РУСЛАН АҢБАЕВ, Петропавл қаласының әкімі:

– Ардақты аналар, аяулы арулар! Сіздерді 8-ші наурыз Халықаралық әйелдер күнімен құттықтаймын! Бұл – әлемдегі ең асыл жандардың мейрамы. Әйел – отбасының ұйытқысы, тыныштықтың шырақшысы. Қазақ халқы әйел бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербейді деп бекер айтпаған. Қоғам тәрбиесі мен санасы да бір өздеріңізге байланысты.
Көктем мерекесі қуаныш сыйласын. Сіздерге зор денсаулық, мол бақыт, жанұяларыңызға береке, бірлік пен амандық тілеймін! 

Кейін кезек марапаттау рәсіміне де келді. Залда отырған нәзікжандылар кезек-кезек сахна төріне шақыртылды.

Бірінші болып құрметке Сәуле Қоспанова бөленді. Зейнет жасындағы нәзікжанды саналы ғұмырын медицина саласына арнаған. Қазір де “Балауса” балабақшасында медбике болып еңбек етуде. Ерен еңбегі мен облыстың дамуына қосқан сүбелі үлесі үшін азаматша бүгін облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

СӘУЛЕ ҚОСПАНОВА, “Балауса” бөбекжай-бақшасының медбикесі:

– Марапаттап, құрмет көрсетіп жатыр. Қуаныштымын! Бәрі жақсы өткізіліп жатыр. Халықаралық әйелдер күнімен барлықтарыңызды құттықтаймын. Мереке бақыт әкелсін. Әрбір отбасында жақсы күндер көп болсын.

Мерекеге орай бүгінгі кештен Рада Назарова да құр қол қайтпады. Нәзікжанды төзімділік пен қайсар мінезді талап ететін төтенше жағдайлар қызметінде 22 жылдан бері тер төгіп келеді. Қызметте әркез алда әрі жауапты жан да қала әкімінің қолынан бір шоқ гүл мен облыс әкімінің Алғыс хатын алды.

РАДА НАЗАРОВА, №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің радиотелефонисі:

– Аса жауапты қызметте жүріп мінезім қайралды. Күнделікті адам өміріне араша түсіп жатамыз. Біздің қызметте қателіктер кешірілмейді. Бұл мамандықты таңдағаныма өкінбеймін. Бүгін құрмет көрсетіп жатқан жандарға алғысымды білдіремін.

Жалпы, қалалық мәдениет үйінде өткен кеште 20-ға тарта нәзікжанды марапатталды. Оларға облыс және қала әкімінің алғыс хаттары берілді.

Алдияр Айтпаев