Қоғам

Адам құқықтарын қорғау

2022 жылғы 5 қарашада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев “Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы” Конституциялық заңға қол қойды. Осы заң аясында уәкілдің әр аймақта өкілі пайда болды. Бұл міндетті Солтүстік Қазақстан облысында Жанат Жұмабаев атқарады. Ол бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде журналистермен жүздесіп, атқарылған жұмысты баян етті.

ЖАНАТ ЖҰМАБАЕВ, Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша өкілі:

– Ережеге сәйкес уәкіл және оның облыстардағы, республикалық маңызы бар қалалардағы, астанадағы өкілдері өз құзыреті шегінде өтініш берушілердің жеке немесе өкілдер арқылы берген шағымдарын қарайды. Сондай-ақ, азаматтың құқықтарын қорғау үшін және оның жазбаша келісімімен қоғамдық бірлестіктер уәкілге немесе оның өкіліне жүгіне алады.

Енді атқарылған іске көшейік. Жанат Жұмабаевқа азаматтардан сот актілерімен келіспеу, шартты түрде мерзімінен бұрын босату, еңбек заңнамасын қолдану, заңсыз жұмыстан шығару, жер тапшылығы, көші-қон заңнамасы, полиция қызметкерлерінің іс-әрекеттері, әлеуметтік көмек сияқты бірқатар мәселелер бойынша 25 өтініш келіп түсті.

ЖАНАТ ЖҰМАБАЕВ, Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша өкілі:

– Азаматтарға 38 мәрте кеңес берілді. Оның 11-і – азаматтарды қабылдау. Шартты түрде мерзімінен бұрын босату – ең жиі көтерілетін мәселе. Мен арнайы мекемелерде сотталғандарды ұстау шарттарымен танысып, қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің бірқатар мекемесінде сотталған азаматтарды қабылдау өткіздім. Нәтижесінде басшылыққа жөндеу жұмыстарын жүргізу, видеокамера орнату, ішкі температураны көтеру сынды ұсыныстар білдірдім.

Жанат Жұмабаев тұрғындармен жүздесуге, өтініштерін қабылдауға әзір. Оның жұмыс орны Ульянов көшесі, 56 мекенжайында орналасқан. Байланыс нөмірі: 37-51-56.

 

Байболат Култанов