Ауыл шаруашылығы

Жеңілдетілген несие – егіс жұмыстарын жүргізуге зор көмек

Ғаббас Жантаев басқаратын “Сервис-ЖАРС” серіктестігі бірнеше жылдан бері Аграрлық несие корпорациясымен, “Есіл” несие серіктестімен тығыз жұмыс істейді. Арадағы әріптестіктің арқасында кәсіпкер көктемгі дала жұмыстарын абыроймен атқарып келеді. Бәріне себепкер – “Кең дала” мемлекеттік бағдарламасы бойынша ұсынылатын төмен пайызды несие.

ҒАББАС ЖАНТАЕВ, “Сервис-ЖАРС” ЖШС директоры, Қызылжар ауданы:

–  2021 жылы 300 млн жуық кредит алдық. 2022 жылдың желтоқсан айында биылғы егіс жұмыстары үшін 200 млн тарта несие рәсімдедік.

Рәсімделген несиенің жылдық үстемеақысы 3 пайызды құрайды. Қарыз келер жылдың наурызына дейін қайтарылуы тиіс. Яғни, шаруа күзде өсіргенін жиып, саудалағасын берешектен құтылады. Мұндай механизм қауырт маусымға ерте қамдануға мүмкіндік береді.

ҒАББАС ЖАНТАЕВ, “Сервис-ЖАРС” ЖШС директоры, Қызылжар ауданы:

– Арзан кезінде жанар-жағармайды алып алу керек. Тұқым да қажет. Тұқымды Ресейден алып жатырмыз. Бұлар егіс жұмыстарына қарай қымбаттап кетеді.

Несие ақшасына алынған төмен бағадағы жанар-жағармай серіктестікке жеткізіліпті. Мына “К-700” тракторын тізгіндеген адам сол сұйықтықпен егіс жұмыстары алдында алқапта атқарылатын маңызды шаруаны бірі – қар тоқтатып жүр екен. Мұның пайдасын жер емген диқандар жақсы біледі.

ҒАББАС ЖАНТАЕВ, “Сервис-ЖАРС” ЖШС директоры, Қызылжар ауданы:

– Қарды уақытында тоқтату керек. Ертең күн күрт жылитын болса, алқапта ылғал қалмай қалуы мүмкін. Сондықтан, алқапқа шығып, қар тоқтатып жатырмыз.

Енді жалпы дерекпен бөлісейік. Өткен жылы Аграрлық несие корпорациясының жергілікті филиалы егіс және орақ науқанын жүргізу үшін шаруаларға 29 млрд теңгеге жуық кредит беріпті. Биыл қаржы ұйымына 129 өтініш түскен. Ал рәсімделген несиенің көлемі 7,9 млрд теңгені құрайды.

 

Байболат Култанов