Экология

Жабайы жануарларды қоректендіру

Биыл Солтүстік Қазақстан облысына қар көп түскен жоқ. Дегенмен де қытымыр қыс жыл сайын жабайы жануарлардың еркін жайылуына, өздігінен азық табуына кедергі келтіреді. Сайын даланы кезген аңдарды қыстан шығару үшін жазда дәстүрге сай қорек дайындалады. Әзірленген жем-шөп қауыр маусымда тұяқтыларға беріледі.


Қазір бұл жұмыстар “Соколовское” аңшылық шаруашылығында атқарылуда. 152 мың гектар жерде қабан, марал және елік сынды сайын даланың сұлулары жайылып жүр. Аңдар адамнан сескенбейді. Араларында әбден үйренгендері де бар. Олар табиғат жанашырларына жақындап, ұсынғанды қолдарынан да жейді.

ДМИТРИЙ ЛАВРИНЕНКО, «Соколовское» аңшылық шаруашылығының басшысы:

– Аңдар ұсақталған жүгеріні таласа жейді. Төрт түлікке берілетін азықтарды да пайдаланамыз. Күндізгі уақытта мұнда 30-ға дейін бұғы жиналады. Ал кешке жақын мұнда жабайы қабандар қоректенеді.

Шаруашылық аумағында аңдар қоректенетін 16 алаң бар. Олар Мамлют және Қызылжар аудандарында орналасқан. Жалпы, қазіргі таңда облыста 47 аңшылық шаруашылығы бар.

МИХАИЛ НИКИТИН, СҚО табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының бөлім басшысы:

– Облыс бойынша 12 мың центнер шөп, 60 мың дана қайың ағашы жапырақтарынан жасалған сыпырғы дайындалды. Сондай-ақ, 150 центнер тұз бар. Алаңдарға азық қорының 70%-ы төгілді.

Аңдар өздігінен азық тауып жеулері үшін де жағдай жасалуда. Аумақтар қардан тұрақты түрде тазаланып отырады. Бүгінге дейін 100 шақырым жер ақ ұлпадан ашылыпты. Бейінді басқарма өкілдері биыл еліктердің күрт көбейгенін айтады. Сайын даланың сұлулары көршілес Ресей елінен келіпті. Қазіргі таңда өңірде осындай шамамен 19 мың тұяқты бар екен.

 

Алдияр Айтпаев