Денсаулық сақтау

Облыста 100 мың адам сақтандырылмаған

Елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің пайда болғанына бірнеше жылдың жүзі болды. Қазір ақ халатты абзал жандар жәрдемнің бірнеше түрін осы жүйе аясында тегін ұсынады. Әрине, халықтың бәріне бірдей емес. Тұрақты түрде жарна аударғандар, яғни “сақтандырылған” мәртебесіне ие отандастарымыз ғана дәрігерлердің ақысыз негіздегі көмегіне жүгіне алады.

ҚАРЛЫҒАШ ІЛИЯСОВА, «ӘМСҚ» КЕ АҚ СҚО бойынша филиалының бөлім басшысы:

– Ағымдағы жылдың 1 ақпанындағы жағдай бойынша СҚО-да сақтандырылғандар саны 434 556 адамды немесе облыс халқының жалпы санының 81,4%-ын құрады. Қазақстан бойынша көрсеткіш – 82,5%. Статистикалық мәліметтерге сәйкес, 01.01.2023 жылы халық саны 534 024 адамды құрады. Бүгінгі күні СҚО-да сақтандырылмағандар үлесі 18,6% немесе 99 468 адамды құрайды.

99 468 адамның жартысына жуығы – петропавлдық. Баяндамасында Қарлығаш Ілиясова жекелей деректермен де бөлісті.

ҚАРЛЫҒАШ ІЛИЯСОВА, «ӘМСҚ» КЕ АҚ СҚО бойынша филиалының бөлім басшысы:

– Облыстың қалалары мен аудандары бойынша сақтандырылмаған азаматтардың ең көп үлесі Петропавл қаласында тұрады – 46 943 адам. Ауылдық округтер бойынша Тайынша ауданы – 8994 адам, Айыртау ауданы – 6895 адам, Мағжан Жұмабаев ауданы – 5593 адам.

Былтыр өңірімізде сақтандырылмаған адамдардың саны 109 мыңның үстінде болыпты. Демек, 1 жыл ішінде 9835 жан “сақтандырылған” мәртебесіне ие болған. Журналистермен жүздесуде сала өкілі төлемдердің көлемі өзгергенін де баян етті.

ҚАРЛЫҒАШ ІЛИЯСОВА, «ӘМСҚ» КЕ АҚ СҚО бойынша филиалының бөлім басшысы:

– Жұмыс берушілер қызметкерлер үшін жалақының 3% көлемінде төлейді. Яғни жұмыс берушінің ең жоғары мүмкін шегерімі айына 21 000 теңгені құрайды.

Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында өткен брифингіде Қарлығаш Ілиясова жүйедегі өзгеріспен де бөлісті. Қазір кез келген отандасымыз 3 күннің ішінде “сақтандырылған” мәртебесін иеленіп, тегін қызметке иек арта алады екен. Ол үшін қорға бір жылдық аударымды бірден жасау қажет. Оның көлемі 42 мың теңгені құрайды.

 

Байболат Култанов