Құқық қорғау органдары

Интернет-алаяқтықтың алдын алу

Бейнероликтер, жадынамалар, өмірде болған жайттан алынған мысалдар. Полиция қызметкерлері интернет-алаяқтықтың алдын алу мақсатында ата-аналармен кездесті. Оларға қулар қандай қитұрқы әрекетке барады, сол турасында айтылды. Тұрғындардың көбі ақшасынан интернет арқылы сауда жасау барысында айырылып қалып жатады. Жыл басынан бері облыста осындай 60-тан астам оқиға тіркелген. Соның жартысы – Instagram-да, тағы біршамасы OLX-та болған. Тәртіп сақшылары сатушымен сөйлескенде бейнеқоңырау арқылы дидарласуды талап ету қажет дейді. Сондай-ақ, өңірде биыл “банктен қоңырау шалу” схемасы бойынша алдаудың 31 жағдайы тіркелген.

Бейнероликтерді мысалға келтіре отыра, тәртіп сақшылары алаяқтардың адаммен сөйлесу әдісіне тоқталды.
Шынайы банк қызметкері адамды несие алуға немесе ақшасын бір шоттан екінші шотқа аудару қажеттігін айтып қоңырау шалмайды. Қалалық ПБ екінші полиция бөлімінің бастығы Талғат Смағұловқа да алаяқтар қоңырау соққан.

Талғат Смағұлов, қалалық ПБ екінші полиция бөлімінің бастығы:

– Маған да хабарласты, мен алаяқ екенін бірден түсіндім. Жайлап сөйлесе бастадым, бұны олар да аңғарған сыңайлы, телефон тұтқасын қоя салды. Сол нөмір бойынша іздестіріп едік, сөндіріп тастаған, біркүндік нөмірлер болып шықты.

Алаяқтар ата-анаға да, зауыт қызметкеріне де, мұғалімге де, зейнеткерге де хабарласа береді. Оларға аңғал адам сеніп қалса болды, тұзақты тартып қалады. Қулардың құрығына түспес үшін оларды бірден байқап үйрену керек. Осы орайда криминалдық полиция қызметкерлері еңбек ұжымдарымен кездесу өткізсе, учаскелік инспекторлар үй-үйді аралауда. Жалпы, жыл басынан бері облыста интернет-алаяқтықтың 131 фактісі тіркелді.