Ауыл шаруашылығы

СҚО-да себілетін тұқымның 86% тексерілді

Бүгінгі күні өңір аграрийлері 488,5 мың тонна тұқыммен қамтамасыз етілген. Мұндай мәліметпен облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы бөлісті. Үстіміздегі жылы сорт жаңарту көрсеткішін 9,5% жеткізу көзделіп отыр. Егіс науқаны кезінде 250 мың га алқапқа шамамен 46,4 мың тонна элита тұқымы себілмек. Облыстағы аттестатталған тұқым шаруашылығы субъектілері өткен жылы 97,7 мың тонна дән өндірген. Оның 734 тоннасы – тұпнұсқа, 4,5 мың – суперэлиталық, 21,4 мың тоннасы – элиталық. Біздің диқандар тұқымды еліміздің өзге облысынан және Ресей мен Еуропа елдерінен жеткізеді. Жыл басынан бері түрлі санаттағы 13 мың тоннадан астам өнім әкелінген. Танапқа сіңірілетін тұқым қауыр маусым қарсаңында жылда тексеріледі. Осы күнге дейін аграрийлердің қорындағы 153 мың тонна тұқым зертханаға түскен. Оның 86% тексеріліп, жарамды деп танылыпты.

 

Алдияр Айтпаев