Мәдениет

Алғыс айту күніне орай қайырымдылық шарасы ұйымдастырылды

Жастар сарайында ине шаншар жер жоқ. Мұнда ауыр дертке шалдыққан петропавлдық Ахмет Әскеровке арналып қайырымдылық шарасы өтуде. Фойеде жәрмеңке қанат жайған. Онда түрлі тәтті тағамдар мен қолдан жасалған бұйымдар сатылуда. Саудадан түскен ақша төсек тартып қалған жерлесімізге табысталмақ.

ӘМИНА ҚАЛУОВА, “СҚО-ның Күміс еріктілері” ҚБ мүшесі:

– Осы шара барысында 18 мың ақша жиналды. Сол ақшаны қайырымдылық ретінде Ахметке береміз. Бауырсақ, түрлі қолөнер бұйымдарын әкелдік. Олардың жартысын сатып үлгердік.

Жәрмеңкеден соң жиналғандардың бәрі акт залына кірді. Мұнда Алғыс айту күніне орай концерт ұйымдастырылды. Шарада ішкі саясат басқармасының басшысы Асқар Хабибуллин халықты мерекемен құттықтап, бір шаңырақ астында түрлі ұлт өкіл тату-тәтті тұратынын айтты.
Түрлі ұлт өкілдерінің ұлттық киімдерін киіп, билеген мына жеткіншектер концерттің сәнін келтірді. Жиналғандар мәре-сәре. Олар да өз тілектерін білдірді.

– Бүгінгі мерекемен сіздерді шын жүректен құттықтаймын. Еліміз тыныш, аспанымыз ашық болсын. Дендеріңіз сау болсын.

– Жақындарыма өз алғысымды айттым. Мерекенің атмосферасы жақсы сезілуде.

Шара соңында өңіріміздің белсенділеріне облыс әкімінің атынан алғыс хат пен “Алғыс төсбелгісі” табыс етілді.

 

Гульден Симбаева