ТЖ

Су тасқыны кезінде қолданылатын техника тексерілді

Арнайы техника төтенше жағдайға әрқашан сақадай сай болуы тиіс. Сондықтан, бүгін мына қаз-қатар тізілген көліктер мен мамандардың су тасқынына дайындығы тексерілді. Биылғы қауырт маусымға 200 адам мен 50 техника жұмылдырылады.

ӘДІЛ СПАЕН, СҚО ТЖД бөлім бастығы:

– 10 техника жоғары өтімді, 82 жуық су сорғыш бар. Бүгінгі таңда Ғ.Мүсірепов, Айыртау, Ақжар, Мамлют, Тайынша аудандарына бағытталатын болады.

Бүгін дайындық жұмыстарын өңірдің бас құтқарушысы Рамиль Камалов байқады. ТЖД бастығы техниканың тегеурінін бағамдап, мамандардың дайындығын тексерді. Еске салсақ, өткен жылдың күзінде жерге жауын-шашын молынан түсті. Ылғал күн суытып, қыс келгенде қатты. Енді көктемде күз бен қыста жиналған сол қар мен мұз еріп, тасқын басу қаупін тудыруы мүмкін.

РАМИЛЬ КАМАЛОВ, СҚО ТЖД бастығы:

– 175 елді мекенді су басу қаупі бәсеңсіді. Ол жерлерде алдын алу жұмыстары жүргізілді. Нақтырақ айтсақ, түрлі инженерлік шаралар өткізіліп, су өткізгіш құбырлар тазартылды. Бүгінде 42 елді мекенді су басу қаупі бар. Трассаларға қосымша құбырлар орнатылды. Ол арқылы еріген су өтеді.

Көктемге қазірден бастап қамдану қажет. Яғни, ауладағы қалың қар мен суағарларды әрбір тұрғын өз бетінше тазартуы тиіс.

ӘДІЛ СПАЕН, СҚО ТЖД бөлім бастығы:

– Төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында ТЖД қызметкерлері үйлерді аралап, қар шығару, су тасқынына байланысты жаднама қағаздарын таратып жатыр. Адам және жануар санын есептеп жатыр.

Су тасқыны кезінде аудандарға шығатын 9 бөлімше құрылған. Наурыздың 2-сі күні өңірде «Көктем» республикалық оқу-жаттығу жиыны өтпек. Онда да мамандар мен техниканың даярлығы пысықталады.

 

Самал Жунусова