Қоғам

Кәсіпкерлерді мазалаған мәселелер талқыланды

Қалталы жандардың мәселесі қаралды.// Бүгін кәсіпкерлер палатасында бизнесмендерді жеке қабылдау өтті. Бірінші болып өз проблемасын Лада Кадирли ортаға салды. Мамлют ауданының тұрғыны – “Жаңажол” шекара бекетіндегі дәмхананың иесі. Нормаға сәйкес жол бойында орналасқан қызмет көрсету нысандарында әжетхана болуы шарт. Бірақ, ол жақын маңда су құбыры болмағандықтан мүмкін болмай отыр.

ЛАДА КАДИРЛИ, жеке кәсіпкер, Мамлют ауданы:

– Бұл мәселені аудан әкіміне де айттым. Ол құбыр тек Белое ауылына дейін салынатындығын айтты. Елді мекеннен бізге дейінгі аралық – 15-20 шақырым. Бізде су да, кәріз жүйесі де жоқ.

СЕРГЕЙ ПЕРОВ, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі СҚО бойынша департаментінің басшысы:

– Бұл мәселе жөнінде аудан әкімдігімен дұрыстап сөйлесу керек. Жоспарда бар ма, жоқ па? Сонын анық-қанығына жету керек. Ауданда бұл мәселені шешу туралы жоспар болмаса, өз күшіңізбен шешуге тура келеді.

Кезек келесі мамлюттік азаматтың мәселесіне келді. Александр Гамбург мектеп асханаларында тамақтандыруды ұйымдастырумен айналысады. Уақыт өткен сайын кәсіпкерге ісін өрге домалату қиындап барады. Айтуынша, аз қамтылған отбасылардан шыққан балалар үшін мемлекет төлейтін қаржы аздық етеді. Бүгінде әр балаға 500 теңгеден беріледі екен.

АЛЕКСАНДР ГАМБУРГ, жеке кәсіпкер, Мамлют ауданы:

– Азық-түлік бағасы күн өткен сайын қымбаттауда. Мұндай кәсіпті ұстау тиімсіз болып барады. Қызмет көрсету сапасының төмендеуіне де айтарлықтай әсер тигізуде.

Мұндай мәселемен аудандардағы осы кәсіп тұтқасын ұстаған барлық жандар бетпе-бет келуде. Айтуларынша, қаладағы мектепте оқитын аз қамтылған отбасы балаларына 550 теңгеден бағытталады екен. Сомадағы айырмашылық айтарлықтай, ал азық-түлік аудандарда қымбат болмаса арзан емес.

СЕРГЕЙ ПЕРОВ, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі СҚО бойынша департаментінің басшысы:

– Бұл мәселенің анық-қанығын анықтау қажет. Жиын өткізіп, оған білім басқармасының өкілдері мен осы мәселе алаңдатып отырған жандар қатысуы керек.

Келесі мәселе ауыл шаруашылығына қатысты. Проблеманы Жамбыл ауданының тұрғыны Қуандық Жақыпов көтерді. Азамат – “Агротехника-Жамбыл” серіктестігінің заңгері.

ҚУАНДЫҚ ЖАҚЫПОВ, “Агротехника-Жамбыл” ЖШС заңгері, Жамбыл ауданы:

– Бәріміз жақсы білетіндей, диқандар үшін егіс және орақ науқаны аса маңызды. Өткен жылы біздің серіктестікте көктемгі дала жұмыстары кезінде үздіксіз тексеріс жүргізілді. ТЖД мамандары, қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы мен еңбек инспекциясының өкілдері бір уақытта келді. Жұмыс қызған шақта бұл бізге белгілі бір кедергі тудырды. Осы тексерістерді егіс пен орақ науқаны кезінде емес, басқа уақытқа ауыстыруа бола ма?

СЕРГЕЙ ПЕРОВ, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі СҚО бойынша департаментінің басшысы:

– Барлық диқандарға таныс мәселе. Өз ойым – дала жұмыстары кезінде тексеріс жұмыстарын жүргізудің асығыстығы жоқ шығар. Сізбен кездесіп, мәселені кеңінен талқылайық. Сіз бізге қандай сұрақтар бойынша қандай тексеріс болғанын айтыңыз. Біз сол уәкілетті орган өкілдерін шақырып, ортақ шешімге келеміз.

Жалпы, бүгін кәсіпкерлер палатасында 8 мәселе қаралды. Дені қызмет көрсету саласы мен жеке шағын кәсіп иелеріне қатысты болды.

 

Алдияр Айтпаев