СҚО әкімдігіАптадағы маңызды жаңалықтар

Облыста медицина қызметкерлері тапшы

Облыстық әкімдік қабырғасында кезекті алқа отырысы өтті. Бұл жолғы жиын денсаулық сақтау саласына қатысты болды. Баяндама жасаған өңіріміздің бас дәрігері кадр тапшылығы мәселесінің әлі де өзекті тұрғанын айтты. Құмар Күсемісовтың дерегінше, облыс бойынша 157 дәрігер жетіспейді. Ауылдық жерлерге 39 маман керек. Сонымен қатар, өлкеге 127 орта медицина қызметкері де қажет.

ҚҰМАР КҮСЕМІСОВ, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

– 15 акушер-гинеколог, 12 жалпы тәжірибе дәрігері, 11 анестезиолог-реаниматолог, 9 хирург пен 6 педиатр және 5 терапевт керек. Айта кетсем, 2022 жылы 74 жас маман жұмысқа орналастырылды. Оның ішінде 29-ы елді мекендерде қызметке тұрды. Сұранысқа ие 60 ақхалаттыны оқытып, даярлау үшін жергілікті бюджеттен қаражат бөлінді. Тағы 46 маманға келісімшарт жасалды.

Айта-айта әбден жауыр болған мәселеге биыл басқарма мықтап кіріскенге ұқсайды. Алқа отырысында Құмар Күсемісовтен жоспар жайлы естідік. Осы жылы кадр тапшылығын жою үшін жергілікті мамандар Алматы мен Шымкент қаласына барып, түлектерді біздің жаққа шақырған. Келешекте тағы 4 қалаға бару көзделген.

ҚҰМАР КҮСЕМІСОВ, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

– Тар бейінді мамандардың қатарын арттыру үшін жастарға көрсетілетін әлеуметтік қолдаудың көлемін көбейту жоспарланып отыр. Мәселен, қалаға жұмысқа келетін жалпы тәжірибе дәрігеріне 1 млн теңге көтермақы төленбек. Ал елді мекенге баратын маманға 1,5 млн теңге беріледі. Сондай-ақ, тар бейінді қызметкерлер қалаға орналасса – 2,5, ауылға барса 3,5 млн теңге ала алады.

Ауылдық жерлерде денсаулық сақтау саласына ден қойылмақ. Ұлттық жоба аясында 46 дәрігерлік амбулатория салу жоспарланған. Биыл 9 медициналық нысан бой көтермек. Сондай-ақ, Тайынша ауданаралық ауруханасына күрделі жөндеу жүргізіліп, ішіндегі қондырғылары жаңартылады. Аталғанның алғашқысын іске асыруға – 400, екіншісі үшін 900 млн-нан астам қаражат қарастырылған. Баяндама барысында Құмар Күсемісов онкологиялық аурулар бойынша есепте тұрғандардың саны жыл сайын көбейіп жатқанын айтты.

ҚҰМАР КҮСЕМІСОВ, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

– 2022-де науқастар саны 10 460 адамды құрады. Одан алдыңғы жылы көрсеткіш 10 073 көрсеткен еді. Аурушаңдық деңгейі өсіп келеді. Қоса кетсем, онкологиялық аурулардан болатын өлім-жітім төмендеуде.

Алқа отырысында нәресте өлімі бойынша да ақпарат берілді. Нұрлан Аймановтың айтуынша, бұл ретте өңірде тіркелген жайт аз емес. Мұның басты себебі – кейбір нәзікжандылардың жүктілікке тиісті түрде дайындалмауынан. Яғни, созылмалы дертті дер кезінде емдемеудің зияны көп.

НҰРЛАН АЙМАНОВ, облыстық балалар ауруханасының директоры:

– Жүргізілген бақылау барысында тұрмысы төмен отбасыларда кішкентай балаларға жөнді көңіл бөлінбейтінін байқадық. Мәселен, осы себептен Қызылжар ауданында бір сәби қайтыс болды. Белгілі болғандай, отбасы зиянды әдеттерге әуес болған. Әйел адам жүктілік бойынша есепке кеш тұрған. Бірде-бір тексерістен өтпепті. Мұндай жағдай Мағжан Жұмабаев ауданында да тіркелді.

2021 жылы облыста 76 сәби мерт болған, өткен жылы 66 нәресте шетінеп кетті.

 

Алтынай Казиканова