Ауыл шаруашылығы

Ауыл, орман, балық шаруашылығындағы негізгі көрсеткіштер

БАЙБОЛАТ БЕКТЕМІРҰЛЫ, тілші:

– Қазір техникаларын сайлап жатқан диқандар алдағы бірер айда көктемгі дала жұмыстарына кіріседі. Өткен жыл олар үшін оңайға соқпады. Дегенмен, шаруаларымыз жарады. Көл-көсір өнім жиып, елдегі азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге сүбелі үлес қосты. Бұған Ұлттық статистика бюросына қарасты СҚО бойынша департаменті ұсынған сандар дәлел.

Олай болса сандарды сөйлетейік. Департамент ауыл, орман және балық шаруашылығы бойынша жалпы қорытынды ұсынып отыр. Барлығын қоса алғанда былтыр теріскейлік іскер жандар 1,1 трлн теңгенің өнімін шығарыпты. Бұл – өңірімізде бұрын-соңды тіркелмеген рекорд.

МАРАЛ НҰРЖАУЫПОВА, ҚР Ұлттық статистика бюросы СҚО бойынша департаменті басшысының орынбасары:

– Өсу қарқыны бойынша облыс республикада 4-ші орында. Республикалық көлемдегі үлесі 12 пайызды құрайды. Өсімдік шаруашылығында 14,8 пайыз өсімге қол жеткізілді. Мал шаруашылығында – 4,2 пайыз.

Ауыл шаруашылығы саласына жеке тоқталғанымыз жөн. Былтыр республикада жиналған астықтың 20 пайызы Солтүстік Қазақстан облысына тиесілі. Дәнді дақылдар бойынша орташа гектар берекелігі 15 центнерге жуықтайды. Ал ең жоғары түсім Мамлют, Қызылжар, Жамбыл және Есіл аудандарында тіркелген.

МАРАЛ НҰРЖАУЫПОВА, ҚР Ұлттық статистика бюросы СҚО бойынша департаменті басшысының орынбасары:

– Майлы дақылдардың түсім көлемі бойынша облысымыз республикада 1-ші орында. Республикалық көлемнің 24 пайызы СҚО-ға тиесілі. Орташа берекелік 8,3 центнерді құрайды. Шығымдылық Мамлют, Қызылжар, Жамбыл және Есіл ауданында жоғары.

Мал шаруашылығына да шолу жасай кетейік. 2021 жылмен салыстырғанда былтыр өңірімізде сүт – 2, ал жұмыртқа 27,6 пайызға көп өндіріліпті. Соңғысы бойынша өңіріміз үздік үштікті түйіндеген.

 

Байболат Култанов