Балалар

Соңғы төрт жылда балабақшаларға кезек 2 есеге азайды

Баланың дамуындағы маңызды фактор – мұғалімнің кәсібилігі. Бүгінде елдегі мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында 97 408 педагог жұмыс істейді. Оның дені қалаларда еңбек етеді. Мұндай ақпарды Орталық коммуникациялар қызметі алаңында Оқу-ағарту министрлігінің мектепке дейінгі білім департаментінің директоры Наталья Жұмаділдаева айтты.

НАТАЛЬЯ ЖҰМАДІЛДАЕВА, ҚР Оқу-ағарту министрлігі мектепке дейінгі білім департаментінің директоры:

– Жыл сайын мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту жүйесінде болып жатқан өзгерістер шеңберінде біліктілікті арттыру курстарынан өтетін педагогтар саны артып келеді. Мәселен, 2022 жылы курстарды мектепке дейінгі білім беру жүйесінің 14 мыңнан астам педагогы аяқтаса, 2023 жылы олардың саны 21 мыңға жетеді.

Оқу-ағарту министрлігі өкілінің айтуынша, мектепке дейінгі ұйым тәрбиешілерінің мәртебесін арттыру үшін жалақыны көтеру мәселесі қарастырылып жатыр. Сондай-ақ, елде мемлекеттік тілде ұл-қыздарға тәрбие беретін мекемелерді ашу ісі де мықтап қолға алынып отыр. Қазіргі таңда республикада мектепке дейінгі ұйымдардың 70%-ына жуығында балаларды қазақ тілінде оқытады.

НАТАЛЬЯ ЖҰМАДІЛДАЕВА, ҚР Оқу-ағарту министрлігі мектепке дейінгі білі департаментінің директоры:

– 2022 жылдан бастап тәрбие-білім беру процесіне барлық жас топтарында қазақ тілін үйрену бойынша талаптар енгізілді. Педагог күні бойы үлгілік бағдарламада айқындалған сөздік минимумын қолданады және үйретеді. Балалардың ауызша сөйлеуін дамытады. Сөздік қорын байытуға жұмыс жасайды. Қарым-қатынас мәдениетіне баулиды. Сондай-ақ, қазақ халқының мәдениетімен, салт-дәстүрлерімен таныстырады.

Балаларды сол балабақшамен қамту мәселесі де өткір тұр. Бүгінде елімізде 11 104 мыңнан астам мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді. Оған 1 млн-нан астам бала барады. Брифингіде қазақстандық бүлдіршіндердің 89%-ы балабақшамен қамтылғандығы белгілі болды.

АЛДИЯР АЙТПАЕВ, тілші:

– Соңғы 4 жыл ішінде балабақшаларға деген кезек 2 есеге азайған. 2028 жылы бұл мәселе түбегейлі шешіледі. Себебі, алдағы үш жыл ішінде мемлекет басшысы 222 мың жаңа орын ашуды жүктеді. Шаруа тыңдырылса, көрсеткіш 100%-ға жетпек.

Брифингіде балабақшадағы қауіпсіздік мәселесі де көтерілді. Мектепке дейінгі мекемелер ашылмас бұрын нысан іші толықтай бейнебақылау камераларымен жабдықталуы тиіс. Сондай-ақ, дабыл тетіктері де болуы шарт.

 

Алдияр Айтпаев