Өнеркәсіп

«Петропавл» ЖӨДБ өндірістік қуаттылығын жаңғырту туралы

Облыс орталығының шетінде орналасқан «Петропавл» желілік өндірістік-диспетчерлік бекеті дизель отынын құбыр арқылы тасымалдауды және оны цистерналарға құюды жүзеге асырады. Станция ресейлік «Транснефть» компаниясының құрылымына кіреді. Айта кетсек, кәсіпорынның құрылғанына биыл 30 жыл толады. Мерейтой қарсаңында «Петропавл» бекетінде жабдықты жаңғырту бойынша ауқымды жұмыстар аяқталды. Нәтижесінде 2 резервуар қайта жаңартылды. Олардың әрқайсысында 5 мың текше метр дизель отыны бар. Бұл бірнеше ондаған мың көлікке жанармай құю үшін жеткілікті. Қайта құру кезіндегі басты міндет – максималды сенімділікті қамтамасыз ету. Резервуарлардың ішкі және сыртқы бетін коррозиядан арнайы жабынды қорғайды. Қорғаныс экраны мұнай өнімдерінің топыраққа енуіне жол бермейді. Әрине, резервуарлар автоматты өрт сөндіру жүйесіне қосылған. Олар кем дегенде жарты ғасырға шыдас береді, ал жөндеу аралығы 20 жылды құрайды.

Сергей ВАНЬКОВСКИЙ, «Транснефть-Урал» АҚ «Петропавл» желілік өндірістік-диспетчерлік бекетінің басшысы:

– «Петропавл» желілік өндірістік-диспетчерлік бекетінің аумағында 9 РВС-5000 резервуары пайдаланылуда. Оның бесеуі 2021-2022 жылдары қолданысқа берілді.

«Петропавл» станциясы – қаламыздағы ең көне кәсіпорындардың бірі. Мұнда мұнай өнімдері алғаш рет шамамен 70 жыл бұрын, яғни 53-ші жылдың желтоқсанында құйылды.

Сергей ВАНЬКОВСКИЙ, «Транснефть-Урал» АҚ «Петропавл» желілік өндірістік-диспетчерлік бекетінің басшысы:

– «Транснефть-Урал» акционерлік қоғамындағы жалғыз темір жол эстакадасы «Петропавл» желілік өндірістік-диспетчерлік бекетінде пайдаланылады. Онда Орта және Орталық Азия тұтынушылары үшін мұнай өнімдерін құю тәулік сайын жүргізіледі.

Эстакадаға цистерналар теміржол желісі арқылы беріледі. Жақында ол күрделі жөндеуден өтті. Басты назар электростатикалық зарядтан қорғауға берілді. Енді цистерналарды толтыру процесі толықтай қауіпсіз болмақ. Себебі, қосу құрылғылары ауыстырылды. Соңғы жылдары бекеттегі қондырғылар инновациялық жабдықтар мен озық технологиялардың арқасында жаңа деңгейге көтерілді. Мысалы, бірыңғай зертханалық ақпараттық жүйені енгізу мұнай өнімдерінің сапасын бақылаудың тиімділігін едәуір арттырды. Жабдықты жоспарлы және әдістемелік ауыстыру «Петропавл» станциясы жұмысының тиімділігін еселеді. Өндірістік инфрақұрылымды жаңғырту әрмен қарай жалғасатын болады.

 

Алтынай Казиканова