ТЖ

Горький көшесіндегі жатақханада от темекі тұқылынан тұтануы мүмкін

Горький көшесіндегі жатақхананың 2-ші қабатында болған өрттің шығу себебі әлі анықталып жатыр. Болжам бар, мамандардың айтуынша, тұрғындардың бірі темекі тартып, тұқылын сөндірмей тастай салған. Күндізгі сағат 12 кезінде болған өртті сөндіру барысында 100-ден астам адам эвакуацияланған болатын. Абырой болғанда, бұл жолы ешкім зардап шеккен жоқ.
ТЖД қызметкерлерінің айтуынша, облыста биыл өрт жиілеп кетті.
Жыл басынан бері тілсіз жаудан 8 адам қаза тапты. Өрттен келген материалдық шығын 20 млн теңгеге жуықтайды.

ОЛЖАС ЖҮНІС, СҚО ТЖД басқармасының бастығы:

– Жыл басынан облыс аумағында 74 өрт тіркелді. Оның ішінде 55-і тұрғын үй мекенжайында. Бөлімшелердің жеке құрамы өртті жою кезінде 7 адамды құтқарып, 322 адамды эвакуациялады. Жалпы, өткен жылмен салыстырғанда өрттің ұлғаюы байқалады. Өкінішке қарай, өрттен 8 адам қаза тапты.

Бір Аққайың ауданының өзінде жылыту маусымы басталғалы 10 өрт тіркелген. Келген материалдық шығын 370 мың теңгені құрайды. Бұл жайында аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Ержан Шәріпов айтты.

ЕРЖАН ШӘРІПОВ, Аққайың аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы:

– Өрттен бір адам қаза тапты. 66 жастағы ер адам мас күйде пеш жақпақшы болған. Салдарынан денесінің жартысы күйіп қалған. Зейнеткер ауруханада ес жимастан көз жұмды.

Жиын барысында ТЖД мамандары көктемгі су тасқынына дайындық барысын талқылады.

 

Гульден Симбаева