Балалар

4-ші мектепте болған оқиға қайталанбас үшін балаға қалай көңіл бөлу керек?

Өткен аптада Петропавлдағы №4 орта мектебінде болған жағдай бүкіл елді дүрліктірді. Әсіресе, ата-аналар мен оқушыларды сескендіргені жасырын емес. Оқиға шәкірттердің, оның ішінде өтпелі кезеңдегі ұл-қыздардың санасына әсер етпей қоймасы анық. Осы ретте психологпен әдейілеп кездесіп, мұндай кезде не істеуге болатынын, сызатты қалай естен кетіру қажеттігін сұрап көрдік. Ғалия Баязитованың айтуынша, ата-ана баласымен көп тілдесіп, бауыр етіне деген сенімін арттырғаны жөн.

ҒАЛИЯ БАЯЗИТОВА, психолог:

– Баланың эмоциялық тұрақтылығын, жағдайын сұрау керек. “Мектепте бүгінгі күнің қалай өтті?” “Не істедің?”,-деген сауалдарды қойған дұрыс. Қандай позитивті жағдайлардың болғанын білудің маңызы зор. Бұдан кейін оны бекіту керек. Сөйлескеннен кейін бала ашық түрде бәрін айта алады. Яғни, сөз, көз жасы арқылы эмоционалдық тұрақтылығы қалпына келеді.

Қазір еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін смартфонға үңіліп, уақытының басым бөлігін әлеуметтік желіде өткізетіні баршаға мәлім. Дегенмен, ғаламтордың пайда-зияны қатар келетінінін ұмытпаған абзал. Бұл ретте ұл-қыздардың нені көріп, кімге еліктейтініне аса мән беру керек. “Дұрысы – телефоннан бас алып, оның орнына таза ауада серуендеп, күнді тиімді өткізу”,-дейді маман. Отбасы мүшелерінің әңгімелесіп, уақытты пайдалы іске жаратқан тым бөлек.

ҒАЛИЯ БАЯЗИТОВА, психолог:

– Баланың бойындағы қасиеттерді танып, соған сәйкес үйірмелерге апару керек. Ата-аналар қызығушылықтарын арттырса не болмаса кейбіреулер проективті әдістерді қолданады. Жағдайларды модельдеу сынды жағдаят бар. Бұларды қолданса, үрей жағдайынан шығуға болады.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні – ата-ана бала тәрбиесіне көп көңіл бөліп, ұл-қыздарының жан дүниесіне үңіле білулері маңызды.

 

Алтынай Казиканова