СҚО әкімдігіАптадағы маңызды жаңалықтар

Облыс әкімі қайта өңдеу кәсіпорындарын аралады

Өңір жетекшісі қайта өңдеу кәсіпорындарының бірі «Сұлтан» диірмен-макарон кешенінде болдлы. Зауыт сұранысты ескере отырып жұмыс істейді. Күніне кәсіпорында 100 тоннаға дейін макарон өнімдері шығарылады. Қажет болған жағдайда бұл көрсеткішті 200-ге дейін жеткізе алады. “Біздің өңірде макарон халық тұтынатын өнімнен 17 есе артық өндіріледі”, – деп атап өтті Айдарбек Сапаров. Дегенмен, тауардың бағасы күн санап өсіп келеді, ал мұндай жағдайға жол бермеу керек.

АЙДАРБЕК САПАРОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Өңір кәсіпкерлері халық тұтынатын көлемнен асырып макарон шығарады. Бірақ, соған қарамастан бағасы шарықтап тұр. Мәселен, соңғы бір апта ішінде келісі 30 теңгеге қымбаттады. Зауыттар мен фабрикалар облыста орналасқан. Бидай мен ұн арзандап жатыр. Осы ретте не себепті макарон өнімдері қымбаттап жатыр деген сұрақ туындайды. Бағаны тұрақтандыру үшін сіздерден сауда орындарының құнын қоспай бізге төмен бағамен сатуларыңызды сұраймын. Ал басқа аймақтарға дүкен арқылы сата аласыздар.

Жақында өткен аппараттық кеңесте Айдарбек Сапаров әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын тұрақтандыру бойынша жұмыстың сәтсіз атқарылып жатқанын атап өтті. Қазір кейбір сауда орындарында қарақұмық бағасы 450-500 теңгеге дейін жетеді. Баға қою мәселесінің басын ашу үшін ол «РахатОПТ» жарма өңдеу кәсіпорнына барды. Облыс әкімі тұрақтандыру қорына қарақұмықты өндірушіден келісіне 300 теңгеден сатып алуға болатынына көз жеткізді. Дәнді дақылдарды орау да шешілетін мәселе. Өңір басшысы орынбасары мен кәсіпкерлік басқармасына жағдайды бақылауға алып, мәселені шешуді тапсырды. Өңірдегі ірі сүт өңдеу кәсіпорындарының бірі – «Eurasian Milk» ЖШС. “Кәсіпорынды қайта құрудың бірінші кезеңінен кейін мұнда тәулігіне 180 тоннаға дейін сүт өңдеуге болады, мұның бәрі цифрландырудың арқасында”, – деп атап өтті зауыт директоры. Іс жүзінде кәсіпорын күніне 70-тен 100 тоннаға дейін сүт қабылдайды. Былтыр мұнда ірімшік өндіру желісі іске қосылды. Бүгінгі таңда оның жылдық қуаттылығы 2,5 мың тоннадан асады.

АНДРЕЙ ГРИЦЕНКО , «Eurasian Milk» ЖШС бас директоры:

– Цехтың өзі тәулігіне 120-дан 150 тоннаға дейін сүт өңдей алады. Қазір көбіне негізгі жұмысты мамандар өздері атқарады. Бір килограмм ірімшікке шамамен 9,5 литр сүт кетеді.

«Зенченко и К» КС-інің өнімдері Қазақстан аумағында ғана емес, одан тыс жерлерде де зор сұранысқа ие. Аймақ басшысы жұмыс сапары барысында сүт өңдеу кәсіпорнына да барды. Мұнда жылына 45 мың тоннаға жуық сүт өңделеді. Қазір тағы бір цехтың құрылысы жүргізілуде, ол аяқталғаннан кейін күніне 300 тоннаға жуық шикізатты қайта өңдеуге мүмкіндік тумақ.

ВИКТОР СУХОВ, «Зенченко и К» КС сүт өңдеу кәсіпорнының директоры:

– Күзге дейін құрылыс жұмыстарын толығымен аяқтауды жоспарлап отырмыз. Қазандық та іске қосылады. Мұнымен қоса сағатына 10 тонна сүт өндіретін неміс қондырғысын орнатпақшымыз. 60 тоннаны күнделікті өңір тұрғындары мен Астана қаласының халқы тұтынады.

АЙДАРБЕК САПАРОВ – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Облыстағы тауарлы-сүт фермаларының санын көбейту қажет. Заманауи етіп салған жөн. Жүктемені кем дегенде 90%-ға жеткізсек те көңілге қонымды.

Ал «КазМясоПродукт» ет өндеу кешенінде піскен шұжық, жартылай сүрленген шұжық өнімдерін және жылқы, сиыр және шошқа етінен түрлі өнім шығарылады. Бүгінгі күні мұнда дайын өнімнің жүзден аса түрі дайындалады. Өндіріс орнының қуаттылығы айына 90 тоннаны құрайды. Кәсіпорында 100-ден аса маман еңбек етеді. “Соған қарамастан кадр жетіспеушілігі мәселесі өзекті”,- дейді серіктестік басшысы.

АЙДАРБЕК САПАРОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Аталмыш мәселе бүгінгі күні облыс бойынша өткір тұр. Өзім барлық зауыттарды аралап шықтым. Сіздерге келмей тұрып «Сұлтан» макарон кешенінде болдым. Ол жерде де 25 маман тапшы, сіздерде 15 маман жетіспейді. Бұл мәселені бірлесіп шешуіміз қажет.

Кәсіпорында кездесетін тағы бір мәселе – жергілікті сауда орындарының импорттық тауарларға басымдық беруі. Ал СҚ-да шығарылған өнім артта қалып қояды. Айдарбек Сапаров бұл мәселені қолға алуды тапсырды.

АЙДАРБЕК САПАРОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Жетекшілерін шақырып, осы мәселе бойынша кеңес өткізіңіздер. Олар отандық тауарөндірушілерді қолдауы тиіс. Бұл жұмысты бақылауға алыңыздар. Сөрелерде ең алдымен біздің жергілікті өнім, одан кейін басқасы тұруы тиіс.

Облыс әкімі қайта өңдейтін кәсіпорындарды қолдау бойынша бірқатар нақты тапсырма берді.