МТРА жаңалықтары

Жеке тұлғалардың банкроттығы жайлы

БАЙБОЛАТ БЕКТЕМІРҰЛЫ, тілші:

– 1 млн 400 мың адам. Дәл осыншама қазақстандықтың мемлекет алдындағы қарызы 32 млрд теңгені құрайды. Алайда, бұл – алдын ала жүргізілген есептеудің қорытындысы. Мемлекеттік кірістер комитеті борышкерлердің саны бұдан да көп болуы мүмкін екенін алға тартып отыр. Қарызға батып, сары уайымға салынған отандастарымыз 3-ші наурыздан бастап арқаларын сәл де болса кеңге жая алады. Өйткені, бұл күні Президенттің пәрмені бойынша бекітілетін заң өз күшіне енеді.

АЙБОЛ АМАНОВ, ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті басқармасы басшысының орынбасары:

– Заңнаманың негізгі мақсаты – қарыздан арыла алмай жүрген ҚР азаматтарына жағдай жасау. Бұл заңнама 3 тараптан тұрады. Олар: соттық, соттан тыс, төлем қабілетін қалпына келтіру. Осыны түсіндіру үшін ел аралап жүрміз.

Облыс орталығына бас қаладан бірнеше маман келді. Оқушылар сарайының кең залында ине шаншарға жер жоқ. Өзгеріс өте өзекті. Сол себепті, солтүстікқазақстандықтар спикерлердің әр сөзін мұқият тыңдап отыр. Мемлекеттік кірістер комитетінің өкілдері болса жеке тұлғаларға қатысты банкроттықтың әр түріне тоқталып, кеңінен баян етті.

АЙБОЛ АМАНОВ, ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті басқармасы басшысының орынбасары:

– Соттан тыс банкроттықты мемлекеттік кірістер органдары жүзеге асырады. Қарыз 5,5 млн теңгеге дейін болу керек. Азаматтың атында мүлік болмауы тиіс. Қарызды өтеу бойынша соңғы 12 айда төлем болмауы қажет. Өтініш 15 күннің ішінде қаралады.

Заңнаманың сот банкроттығы және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру бағыттарында да осындай талаптар бар. Бірақ, олардың барлығы бойынша мемлекеттік кірістер органдары емес, сот тексеріс жүргізіп, тиісті шешім шығарады. Осы орайда айта кетейік, банкрот деп танылған азамат бірқатар шектеулерге тап болады. Егер шектеулер бұзылса, арқаға қайтадан ауыр жүк артылады.

АЙБОЛ АМАНОВ, ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті басқармасы басшысының орынбасары:

– Ол азаматтар соңғы 5 жылда несие ала алмайды. Соңғы 7 жылда өзін банкрот деп тани алмайды және 3 жыл бақылауда болады. Яғни, ол азаматтың атына 3 жылдың ішінде бағалы мүлік алынса, мүліктің шығу тегі анықталады. Егер мүлік заңсыз жолмен келсе, қарыз өндіріп алушыларға хабарланады. Осыдан кейін қарыз қайта өндіріліп алынуы мүмкін.

Сонымен қатар, тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Салынатын айыппұлдың көлемі 100 айлық есептік көрсеткішті құрайды. Банкроттық бойынша отандастарымыз Азаматтық соттарға өтініш беруі қажет. Ол үшін қалталарынан 1 мың теңгедей ақша шығарады.

 

Байболат Култанов