ТКШ

Петропавлда 335 көпқабатты үй МИБ-ке өтті

Назарбаев көшесі бойындағы 183-ші үй тұрғындары мүлік иелері бірлестігіне 1 жыл бұрын ауысқан. Осы уақыт ішінде азаматтар өз араларында қаражат жинап, жертөлеге жөндеу жүргізіпті. Басқарудың жаңа жүйесіне көшу арқылы іс біршама жеңілдеген екен. Әсіресе, қаржы шығару жағы реттелген. Қазір төлемдердің барлығы тұрғындар тарапынан бірыңғай түбіртек арқылы жасалады.

ВИТАЛИЙ КУЛЬ, “Мира 183” МИБ төрағасы:

– Біз қолма-қол ақшамен жұмыс істемейміз. Бастысы – тұрғындар жиналған ақшаның қайда кетіп жатқандығын өздері бақылай алады. Яғни, барлығы ашық түрде жүргізіледі. Жалпы, басқарудың жаңа формасында 2 шот ашылады. Алғашқысы – ағымдағы, екіншісі күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге арналған. Бұл үй иелері үшін өте тиімді. Жинақтаушы шоттағы қаржыға керектімізді жаңартып отырамыз. Маңыздысы – баспанамыз жылы, ішінде суы мен жарығы болса болды.

Осы үйде 11 жыл бойы тұрып келе жатқан Ерлан Карбаев басқарудың жаңа формасының алдыңғысына қарағанда артықшылықтары бар дейді. Мүлік иелері бірлестігіне қойылған талаптар ақырындап орындалуда.

ЕРЛАН КАРБАЕВ, қала тұрғыны:

– Бойлерге қатысты проблемамыз болды. Аязды күні үйде суық болатын. Биыл жағдай реттелгендей, өткен жылғыға қарағанда жылырақ. Бұдан да жақсарады деген үміттеміз. Кішкентай балаларымыз бар. Сол үшін осы мәселенің толық шешілгенін қалаймыз.

Жалпы, облыс орталығындағы пәтерлердің 335-і мүлік иелері бірлестігіне өткен. Бұл басқару формасы “Бір үй – бір бірлестік – бір шот” қағидаты бойынша жұмыс істейді. Жаңа жүйенің артықшылығы да осында.

АЙБЕК БАШЕНОВ, қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімінің бас маманы:

Тұрғындар болашақта күрделі жөндеу, мысалы, лифті, шатырды ауыстыру үшін қазірден бастап қаражат жинауларына мүмкіндіктері бар. Ескі басқару формалары заң бойынша жабылуы керек.

Маманның сөзінше, қазір қаладағы 700-ге жуық көпқабатты үй – ескі басқару жүйесінде.

 

Алтынай Казиканова