Білім

Жергілікті университетте 6 қытайлық магистрант білім алуда

Қазір жергілікті білім ордасында Қытайдағы Солтүстік-батыс орман және ауыл шаруашылығы университетінің 6 магистранты оқып жүр. Шетелдіктер біздің қалаға академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында желтоқсан айында келген. Осы уақытқа дейін түрлі зерттеу жұмыстарына қатысып, ірі шаруашылық нысандарын аралапты. Қытайлықтар теріскейлік білім алушылармен бірге оқиды. Соңғы курс студенттеріне жергілікті ұстаздар ағылшын және қытай тілінде сабақ береді.

АЙЫМГҮЛ ТАСҚҰЛОВА, М. Қозыбаев атындағы СҚУ аға оқытушысы:

– Сонымен қатар, оларға орыс тілі курсы да оқытылады. ҚХР-дың Батыс-Қытай ауыл және орман шаруашылығы университетімен біз бұрыннан бері тікелей жұмыс жасап жатырмыз. Олар бізге агротехнопарк, жаңа лабораториялар ашуға көмектесті. Академиялық ұтқырлықпен студенттер шығып отырды.

25 жастағы Жанг Хонг Син Петропавлға, жалпы Қазақстанға алғаш рет келіп отыр. Сөзіне қарағанда, қаламыз бірден ұнапты. Мейман магистратураны аяқтап, әрмен қарай докторантураға түспекші.

ЖАНГ ХОНГ СИН, Солтүстік-батыс орман және ауыл шаруашылығы университетінің магистранты, Янлинг қаласы, ҚХР:

– Біздің университет пен сіздердің білім ордаларыңыздың айырмашылығы – студенттер санында. Қытайда халық көп екенін бәрі біледі. Сіздерде оқытушылар жастарға жеке түсіндіріп, көп көңіл бөле алады.

Жалпы, бүгінде қытайлық студенттермен бірлесіп біраз зерттеу жұмыстары жүргізілуде. Мәселен, магистранттар жаңа сұрыптар шығарып жатыр. Қала қонақтары ақпанның 23-і кезінде елдеріне жол тартады.

АЙЫМГҮЛ ТАСҚҰЛОВА, М.Қозыбаев атындағы СҚУ аға оқытушысы:

– Наурыз, сәуірдің бас жағында ҚХР-дан бізге профессорлық оқытушылық құрам келеді. Онлайн форматта оқыған кезде біз үнемі ақпарат алмасып, семинарларға қатысып отырдық. Қазір шекара ашылғандықтан, олардың бізге келе алатыны қуантады. Біз де барып зерттеу жүргізе аламыз.

Енді қыркүйек айында солтүстікқазақстандық 6 студент те Қытайға барып, білім алмақ.

 

Алтынай Казиканова