СҚО әкімдігі

Инвестиция тарту мәселесі талқыланды

Облыстық әкімдіктің бірінші қабатында сүт, тамақ өнімдері, компьютерлік техника мен тұрмыстық-химия заттары көпшілік назарына ұсынылды. Мұның барлығы да біздің өңірде жасалған. Ерекше көзге түсетініні – қақ ортадағы «Урал» мотокциклі. Ресейлік кәсіпорын жарты жыл ішінде біздің жақта 600 көлік құрастырған. Биыл көрсеткішті 900-ге жеткізуді көздеп отыр.

ГЕОРГИЙ КУРМАЧЕВ, «IMZ Kazakhstan» ЖШС директоры:

– Қазіргі уақытта бізде 20-дан астам қызметкер еңбек етеді. Шыны керек, кадрды өте ұзақ іздедік. Мотоцикл құрастыра білетін дайын мамандар жоқтың қасы. Сол себепті, келген адамды жан-жақты үйреттік. Құрастырушылардың барлығы – осы жақтың тумалары. Сұраныс артса, адам санын көбейтуді жоспарлап отырмыз. 2023 жылы мамандар қатарын 35-ке жеткіземіз деп ойлаймын.

Көрмеден кейін жиналғандар алқа отырысына қатысты. Жиында кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының жылды қорытындылауы тыңдалып, келешекке жоспарлар айқындалды. Дархан Әмриннің сөзінше, былтыр облыс кәсіпорындары Қазақстанның ірі, соның ішінде «Самұрық-Қазынаның» құрамына кіретін ұлттық компанияларымен 800 млрд теңге сомасына келісім жасасқан.

ДАРХАН ӘМРИН, СҚО кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

– 2022 жылдың қорытындысы бойынша өнеркәсіптің өсу қарқынынан облыс республика бойынша – 7-ші орында. Жаңа жобаларды іске асыру және қолданыстағы кәсіпорындарды жаңартудың арқасында біз саланың үдемелі даму бағытын сақтаймыз. Осылайша, 2022 жылы өндіріс көлемі өткен жылмен салыстырғанда 4 процентке дейін артты. Өңдеу өнеркәсібінде көлем 9,8 пайызға ұлғайды.

12 айда өңір кәсіпорындары 423 млн АҚШ доллары тұратын тауарды экспорттаған. Соның 166 млн теңгесі – шикізаттық емес экспорт. Айта кету қажет, облыста негізгі капиталға түсетін инвестициялардың оң қарқыны сақталуда. Мәселен, 2022-де 300 млрд теңгеден астам инвестиция тартылған. Өз кезегінде облыс әкімінің орынбасары Сәтжан Аблалиев инвестиция тартуды арттыру қажеттігін айтты.

СӘТЖАН АБЛАЛИЕВ, СҚО әкімінің орынбасары:
– Бос тұрған ғимараттарды жаңғыртып, пайдаға жаратқан жөн. Бағаны тұрақтандыру қорының жұмысын күшейту маңызды. Тағы «Qyzyljar» арнайы экономикалық аймағының инфрақұрылымын қолға алу керек. Инвестициялық жобаларды жүзеге асырып, қажет болса, ресейлік инвесторларды тартқан абзал.

Алқа отырысында Азамат Байтеміров те сөз алды. Облыстық цифрлық технологиялар басқармасының басшысы білім, медицина, транспорт және логистика салалары бойынша қолға алынған жаңашылдықтарға тоқталды. Былтыр
қоғамдық орындардағы қауіпсіздікті сақтау мақсатында 28 аппараттық-бағдарламалық кешен орнатылған. Нәтижесінде 37 мыңнан астам әкімшілік құқықбұзушылық анықталды.

 

Алтынай Казиканова