Ауыл шаруашылығы

Биыл өңірде 4,4 млн гектарға тұқым себіледі

Көктемнің бір күні – жылға азық. Осыны жақсы білетін солтүстікқазақстандық шаруалар қауырт маусымға қамданып жатыр. Қардың көбесі сөгіліп, топырақ құрғасымен алқаптарда техниканың гүрілі естілмек.

МЕЙРАМ МЕҢДІБАЕВ, облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы:

– Жердің көлемі өткен жылғыдай 4,4 млн гектар болады. Оның 3,1 млн гектары дәнді және дәнді-бұршақты дақылдарға бөлініп отыр. 1 млн гектарға жуығы майлы дақылдарға тиесілі.

Азық-түлік қауіпсіздігіне ерекше мән беріледі. Биыл өңірде картопқа, қарақұмыққа тиесілі жердің көлемі ұлғаяды. Мейрам Меңдібаев басшылық ететін басқарма қазір диқандарды төмендетілген бағадағы дизель отынымен қамту бойынша жұмыстар жүргізіп жатыр.

МЕЙРАМ МЕҢДІБАЕВ, облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы:

– Өңірге 73,6 мың тонна жанармай берілді. Операторлар анықталды. Қазір баға қарастырылып жатыр.

Жанармаймен қатар, минералды тыңайтқыш та қажет. Астықтың бітік шығуына септесетін өнім биыл өлкемізде былтырғыдан 30 мың тоннаға көп сіңіріліп, жалпы көлемі 200 мың тоннаға жетпек. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер мемлекеттен субсидия да күтеді. Үстіміздегі жылы оның да көлемі қомақты болады.

МЕЙРАМ МЕҢДІБАЕВ, облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы:

– Осы жылы 59,8 млрд теңге бөлініп отыр. Соның ішінде өсімдік шаруашылығына – 19,6, ал мал шаруашылығына – 9,6 млрд теңге.

Сұхбат барысында Мейрам Меңдібаев суармалы егіншілік жайлы да айтты. Бұл бағыт өңірімізде ақсап тұрғаны мәлім. Келешекте жағдай жалпы ұзындығы 261 шақырымды құрайтын Сергеев арнасының есебінен түзелуі мүмкін. Биыл өңір басшылығы бір кездері тіршілік көзін аудандарға еш қиындықсыз жеткізген каналды қалыпқа келтіру жұмыстарын бастамақшы.

 

Байболат Култанов