Білім

Кішкенекөлдегі орта мектеп заманауи жабдықтармен жабдықталды

Уәлиханов ауданындағы Кішкенекөл ауылы. Елді мекенде жақында ауқымды өзгеріс орын алды. Мектеп жанындағы интернаты бар №2 орта мектеп білім беруді тұрақты дамыту қоры есебінен жабдықталды. Қазір балалар заманауи кабинеттерде, тың құрал-жабдықтарды қолдана отырып сапалы білім алуда. Кеше билік өкілдері бастаған бір топ жан тегеуріні артқан білім ұясымен танысты. Жаңашылдық негізінде мектеп кіреберісіне сабақ кестесі көрсетілген мынандай қондырғы орнатылған.

АСЛАН АЙТАХМЕТОВ, білім беруді тұрақты дамыту қорының менеджері, Астана қаласы:

Бұл қондырғыны оқушылармен қатар олардың ата-аналары да пайдалана алады. Мәселен, баласының оқу үлгерімі жайлы тілдесуге келген ата-ана осы гаджеттен мұғалім қашан босайтынын көре алады. Сондай-ақ, мұнда QR-код бар. Оны сканерлеген жан баласының сабақ кестесін кез келген жерде отырып көре алады.

Жаңашылдық негізінде мектепте STEM зертханасы пайда болыпты. Мұнда жоғары сынып оқушылары химия, биология және физика пәндері бойынша зерттеулер жүргізе алады. Робот құрастырып, ғылыми жобалар жасай алады. Кабинет толықтай заманауи жабдықтармен жабдықталған. Сондай-ақ, оқу ұясында қазір телестудия да жұмыс істеп тұр. Оқушылар бос уақыттарын осында өткізіп, шығармашылық жағынан дамуда.

АСЛАН АЙТАХМЕТОВ, білім беруді тұрақты дамыту қорының менеджері, Астана қаласы:

– Біз бұл студияны толығымен балаларға беруге кеңес береміз. Себебі, қазір жастар арасында TirTok, Instagram парақшаларын жүргізу кең таралған. Видеоны өздері монтаждап үйренеді.

Балалар әлеуметтік желіде ғана белсенді болмауы керек. Қыздар іс тігіп, ал ұлдар шеге қағып үйренгені дұрыс. Мектепте еңбекке баулу сабағы өтетін қос кабинет жұмыс істеп тұр. Күнделікті бұл жерде оқушылар шеберлікке машықтанады.

АЛДИЯР АЙТПАЕВ, тілші:

– Бұл мектептің өзіне тән тағы бір ерекшелігі бар. Үзіліс кезінде балалардың бос уақыттарын тиімді пайдалану жағы да қарастырылған. Бос уақыттарында ұл-қыздар шахмат, шашки және үстел футболынан сынға түсе алады.

Мұндай бұрыштар әр қабатта орналасқан. Сондай-ақ, мектепте интеллектум кабинеті де жұмыс істеп тұр. Онда да балалар қолдары сабақтан қалт еткенде барып тыныға алады. Жалпы, жоба аясында мектептің материалдық базасы толықтай жаңартылып, 34 оқу кабинеті мен қосымша білім беру шеберлік сыныптары жабдықталды.

– Кабинеттермен енді танысып жатырмыз. Бұған дейін кітаптан көп көріп жүрдік. Енді сол көргенімізді іс жүзінде жасаймыз деген ойдамын.
– Физика, биология және химия кабинеттеріне көптеген құралдар жеткізілді. Сабақ одан сайын қызықты өтуде. Өзім работотехникаға қызығымын. Осыған дейін біз легомен жұмыс істедік. Қазір мектепте заманауи роботтар бар.
– Қыздар мен балалардың кабинеттері бөлек. Ұлдар құрал-саймандармен жұмыс істейді Ал қыздар іс тігумен айналысады.

Заманауи құрал-жабдықтар бар. Енді оны пайдалана отыра сабақ жүргізе алатын кадр қажет. Бұл үшін шеттен маман шақырылмайды. Оқу ұясының оқытушылары НЗМ-нің ұстаздарының көмегіне жүгінеді. Алдағы уақытта шебарлік алмасу үшін түрлі іс-шаралар өткізіледі.


ДАНИЯР УӘЛИЕВ, Химия-биология бағытындағы НЗМ директоры:

– Біздің мақсатымыз – бұл мектеп мұғалімдеріне методикалық көмек көрсету. Ол кісілер біздің мектепке келіп, тәжірибе жинақтайды. Сабақтарға қатысады. Яғни, мамандар алынған құрал-жабдықтармен жұмыс жасауды үйренеді. Себебі, заманауи дүниелер шаң басып жай тұрмауы қажет. Бұл жердегі жабдықтар біздің мектептікімен бірдей. Бірлесе жұмыс жасауға Кішкенекөлдегі мұғалімдер дайын.

Білім беруді тұрақты дамыту қоры өткен жылы 17 тірек мектептің тегеурінін арттыруды қолға алыпты. Соның бірі – осы Кішкенекөлдегі оқу ұясы. Жабдық алуға барлығы 250 млн теңге жұмсалған. Қыруарт қаражат “Қазақстан халқына” қорынан бөлініп отыр.

МЕДЕТ СӘЙТКЕН, №2 Кішкенекөл орта мектебінің директоры, Уәлиханов ауданы:

– Мақсатымыз айқын. Біріншіден, сапалы білім береміз. Берілген барлық кабинеттерді пайдалану қажет. Мектеп ұжымы құрал-жабдықтармен жұмыс істеуді меңгергеннен кейін жақын маңдағы оқу ұяларындағы мұғалімдерді осында әкеліп, оларды да үйретуді жоспарлап отырмыз. Тірек мектеп ретінде әдістемелік көмек көрсетпекішіміз.

Білім беруді тұрақты дамыту қорының мақсаты айқын. Шалғайдағы мектептерді техникалық тұрғыда жабдықтау арқылы қала мен ауыл арасындағы білім сапасына қатысты теңсіздікті жою жоспарланып отыр.

АСЛАН АЙТАХМЕТОВ, білім беруді тұрақты дамыту қорының менеджері, Астана қаласы:

– Теңсіздіктерді жоюға жұмыс жасаймыз. Ауылдағы мұғалімдердің біліктілігі жетіспейді және техникалық жабдықтар аз. 2023 жылға жоспарлар талқыланып жатыр. Жоба бірнеше есеге өседі. 

Жаңашылдығы көп №2 Кішкенекөл орта мектебінде қазіргі таңда 520 ұл-қыз білім алады, 71 мұғалім еңбек етеді.

 

Алдияр Айтпаев