Ауыл шаруашылығы

Литва елшісі теріскейлік кәсіпкерлермен кездесті

Литва Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Гинтаутас Васюлис 30-ға тарта теріскейлік кәсіпкермен кездесті. Мейман литвалық іскер жандардың жергілікті бизнесмендермен әріптестік орнатқанын, ортақ жобалардың әрмен қарай жалғасқанын қалайды. Ол арадағы қарым-қатынастың тығыз боларына кәміл сенеді. Өйткені, қос елді тарих байланыстырады.

ГИНТАУТАС ВАСЮЛИС, Литва Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі:

– Өткен жүзжылдықтың ортасында 100 мың литвалық Қазақстанға жер аударылды. Олардың көбі кең пейіл қазақ халқының арқасында тірі қалып, қайта оралды. Біз мұны жақсы білеміз. Қазақстандықтарды қатты құрметтейміз. Осы себеппен де сіздермен әріптестік орнатқымыз келеді.

Литваның жер көлемі Солтүстік Қазақстан облысынан 2 есе кіші болғанымен, ұсынары мол. Халық саны 3 миллионға да жетпейтін бұл ел бірінші кезекте сандық технология саласындағы мамандарымен, жетістіктерімен мақтана алады.

ГИНТАУТАС ВАСЮЛИС, Литва Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі:

– Бізде IT, әсіресе FinTech саласы өте жақсы дамыған. Соның арқасында соңғы 7-8 жылдың ішінде елге 250-ден астам компанияны тарттық. Қазір интернетке қолжетімділік бойынша Европада бірінші орында тұрмыз. Ал әлеуметтік желінің жылдамдығы жөнінен күллі әлемде көшбасшымыз.

Литвалық диқандар алақандай ғана жерге тұқым себеді. Бірақ, қамбаға көл-көсір астық құяды. Мысалы, 21-ші жылы бұл елде 5,6 млн тонна дәнді дақыл жиналыпты. Орташа гектар берекелігі бақандай 37 центнерді құраған.

ГИНТАУТАС ВАСЮЛИС, Литва Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі:

-Қазақстанда топырақтың құнарлылығы жөніндегі көрсеткіш Литвадан 2 есе жоғары, ал астық түсімі бойынша 2 есе төмен. Барлығы технологияға байланысты. Біз диқандарымыз қолданатын әдіс-тәсілдерді осында әкеліп, тәжірибе алмасуға дайынбыз.

Өзге де бағыттарда әріптестік орнатуға болады. Елші келер алдында “Атамекен” кәсіпкерлер палатасының жергілікті филиалы талдау жүргізіпті.

ОЛЕГ ИВАНОВ, СҚО кәсіпкерлер палатасы өңірлік кеңесінің төрағасы:

– Талдау кезінде біздің өңірдің жалпыреспубликалық импорттағы үлесі 0,5% екені анықталды. Өңір көбінесе ауыл шаруашылығына арналған құрал-жабдықтарды алады. Басты әріптесіміз – Қытай мен Германия. Аталған елдерге импорттың 26 және 25,5 пайызы тиесілі.))

Өз кезегінде келесі тарап Қазақстаннан минералды тыңайтқыш пен құрылыс материалдарын алуға ниетті. Кездесу барысында елші мамыр айында елордаға Литвадан бір топ компания басшысы келетінін, солармен келіссөз жүргізіп, әріптестік орнатуға болатынын айтты. Сондай-ақ, Литва Республикасының солтүстік аймақтағы құрметті консулы лауызымына жергілікті кәсіпкерлер палатасы жанындағы Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Әсел Ержанова тағайындалатынын мәлім етті.

 

Байболат Култанов