СҚО әкімдігіАптадағы маңызды жаңалықтар

Облыс әкімі Петропавлда бірқатар нысанды аралады

«Есіл су» компаниясы Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарының 248 елді мекенін, яғни 203 мың тұрғынды таза сумен қамтып отыр. Жылда кәсіпорынға бюджеттен 3,2 млрд теңге бөлінеді. Соның 290,4 млн-ы облыс қазынасынан беріледі. Бұл қаржыға мекеме 4 өндірістік учаскіде болатын апаттарды жою мақсатында жөндеу және қалпына келтіру жұмыстарын жүзеге асырады. Мәселен, былтыр топтық су құбырлары түрлі себептерге байланысты 1355 рет істен шыққан.

ҚАНАТ АСҚАРОВ, «ЕСІЛ СУ» ШЖҚ РМК ДИРЕКТОРЫ:

– Халық көбейіп жатыр, обьем өсіп жатыр 5,8 млн кубпен біз былтырғы жылды бітірдік.

«Есіл су» желілерінің жалпы ұзындығы 3173 шақырымды құрайды. Бүгінгі күні соның 2 мың 126 км-іне күрделі жөндеу және қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Кәсіпорын биыл 5 млн текше метр көлемінде қызмет көрсетпек. Ол үшін 4,5 млрд субсидия қажет. Өңір жетекшісі бұл мәселе жақын уақытта өз шешімін табатынын жеткізді. Ал «Қызылжар Су» ЖШС-нің су құбыры желілерінің ұзындығы – 344,4 шақырым. Соның 58 пайызының тозығы жеткен. Салдарынан өткен жылы 113 апат орын алып, облыс орталығының бірнеше ауданы сусыз қалған еді. Мұнымен қоса 257 км-ді құрайтын кәріз желілерінің де 62 пайызы ескірген. Жалпы, соңғы бірнеше жыл ішінде кәсіпорын өз қаржысы және бюджет есебінен ұзындығы 162,6 шақырым болатын құбырларда жөндеу және қалпына келтіру жұмыстарын іске асырған. Серіктестікке жөндеу жұмыстарын жүргізуі үшін 70-100 млн теңге бөлінуде. Бұл жеткіліксіз. Су тарату желілерін толығымен жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін 300-400 млн теңге қарастыру керек. Өңір жетекшісі қала әкімі Руслан Аңбаевқа бұл мәселені өз бақылауына алуды тапсырды.

АЙДАРБЕК САПАРОВ, СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:
– Облыс па, Үкімет пе, қала ма – бәріміз қосылып шешетін жолын табуымыз керек. Сол үшін кездесу ұйымдастырамыз. Тағы қарастырайық. Мына 79-дан 58 пайызға дейін түсірдіңіздер. Жыл сайын 15 пайызға дейін түсіре аламыз ба – соны қарау керек. Өзімізге ескілерін алып, балансқа ремонттап қайта қайтарсақ бола ма? Соның жолдарын Сәтжан Айтенұлы, қарастырайық.

Кейін өңір жетекшісі өткен жылдың шілде айында сенімгерлік басқаруға берілген әуежайға барды. Осыдан 6 жылдан астам уақыт бұрын мұнда күрделі жөндеу жүрігізілді. Ол кезде бұл мақсатқа ел қазынасынан 7 млрд теңге бөлінген еді. Бұл қаржыға ұшып-қону жолағы мен жолаушылар терминалы жаңартылды.

ЕВГЕНИЙ ТЮРМОРЕНКО, инвестор өкілі:

Қазіргі таңда 40-қа жуық ескертуді жоюымыз керек. Олар көбіне әуежайдағы шектеулерге, яғни мұнай базасымен түнгі рейстерге байланысты. Сәуір айына дейін бәрі реттеледі деп күтудеміз. Басты мақсатымыз – әуежайдың жұмысын тоқтатпау. Жалпы, бұл шектеулерді алу үшін ұшу-қону жолағындағы жарық белгілері қондырғыларын қалпына келтіру керек. Біз жаңа шамдар сатып алдық. Енді оны орнатпақшымыз.

Айдарбек Сапаров 2020 жылы темір жол вокзалында жүргізілген күрделі жөндеу жұмысының нәтижесін көрді. Ресей мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастықтың арқасында «Ресей теміржолдары» компаниясы нысанда ауқымды қайта қалпына келтіру жұмыстарын жүзеге асырды. Бұл мақсатқа 3 млрд теңгеге жуық қаражат жұмсалды. Жолаушыларға барынша ынғайлы болу үшін жаңа лифттер мен эскалаторлар да орнатылды. Сонымен қатар, облыс әкімі соңғы рет 8 жыл бұрын жөндеу көрген сапаржайға да кіріп шықты.

 

Самал Жунусова