Білім

Петропавлда 3 мың 300 орынға арналған 4 мектеп салынады

Соңғы 3 жылда өңіріміздің білім беру саласына бөлінген қаражат 1,5 есеге ұлғайып, 134,8 млрд теңгені құрады. Қомақты қаржының арқасында біршама оң өзгеріс орын алды. Мәселен, 3 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды балабақшамен қамту көрсеткіші 100%-ға жетті. Ал 2 мен 6 жас аралығындағы ұл-қыздарды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамту 92%-ды құрады. Бүгінгі күні орта буынның дамуына да жан-жақты көңіл бөлінуде.

Нәзір Жәшібеков, облыстық білім басқармасының басшысы:
-Осы оқу жылынан бастап тіл пәндерін оқуға деген көзқарас өзгерді. Осылайша, 1-сыныпта қазақ тілінде оқитын балалар тек қазақ тілін оқиды. Орыс тілі 2-сыныптан бастап оқытылады. Орыс тілінде оқытатын 1-сыныптарда қазақ және орыс тілдері оқытылады. Қазақ және орыс тілдерінде оқытатын сыныптарда ағылшын тілі 3-сыныптан бастап енгізіледі. Өткен жылы алғаш рет 4-ші және 9-шы сынып оқушыларының білім жетістіктеріне мониторинг жүргізілді. Республика рейтингінде 4-сынып оқушылары 5-ші орынға ие болды, орташа балл – 21,5, ал 9-сынып оқушылары 49,7 балл жинап, 4-ші орынға ие болды.

Былтыр біздің өңірімізде 2 жарым мыңға жуық түлек Ұлттық бірыңғай тестілеу тапсырған. Оқушылардың орташа білім деңгейі 74,96 ұпайды құрады. Түлектердің 63,6%-ы грантқа түскен. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 4,3 пайызға жоғары.

Нәзір Жәшібеков, облыстық білім басқармасының басшысы:
– Оқушылардың білім сапасы тікелей білім беру жағдайына байланысты. Осылайша, күрделі жөндеу жұмыстары жалғасты. 2022 жылы 2,5 млрд теңге сомасына -31 нысан, оның ішінде “Ауыл – ел бесігі” бағдарламасы бойынша 21 нысан күрделі жөндеуден өтті. Сонымен қатар, бұл шатырды, терезелерді, жылыту жүйесін және т. б. ауыстырумен кешенді жөндеу болды. 2023 жылы 39 білім беру нысанында 3,8 млрд теңге сомасына күрделі жөндеу жүргізу жоспарлануда.

Өңірде апатты мектептерді жою жұмыстары әлі де жалғасуда. Қазір Тайынша ауданында 720 орынға шақталған 2 білім ұясының құрылысы қызу жүріп жатыр. Ал алдағы уақытта Драгомировка ауылында 120 орынға арналған оқу ошағы тұрғызылмақ.

Дана Сәлімқызы, тілші
– Петропавлдағы мектептердегі орын тапшылығын қысқарту мақсатында 2026 жылға дейін 3 мың 300 орынға арналған 4 жаңа білім ұясы салынбақ. Су жаңа оқу ошақтары Жас өркен, Қопай, Орман және Береке ықшам аудандарында бой көтермек. Соңғы аталғандарында құрылыс жұмыстары биыл басталмақ.

Сондай-ақ, өңірде ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға қосымша білім беру үшін барынша жағдай жасалуда.

Нәзір Жәшібеков, облыстық білім басқармасының басшысы:
– Қазірдің өзінде “фортепиано”, “көркем өнер”, “хореография” және “сәндік-қолданбалы шығармашылық” бағыттары бойынша “Жас дарын” өнер мектебіне қабылдау жүргізілуде. Алдағы уақытта балалар мен жастарға арналған облыстық мәдени орталықта ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған үйірмелер ашуды жоспарлап отырмыз. Бүгінгі таңда психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациялар мен түзету кабинеттерінде кезектілікті қысқарту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Ол үшін облыстық ПМПК екі ауысымда жұмыс істей бастады. Жыл соңына дейін тағы бір аутизм орталығын ашуды жоспарлап отырмыз.

Сондай-ақ, ағымдағы жылы облыс орталығындағы 5-ші, 9-шы және 42-ші мектептерде инклюзияны қолдау кабинеттері ашылмақ. Сөз соңында айта кетейік, биыл облыстағы білім саласына ел бюджетінен 120 млрд теңге қарастырылған.

Дана Ешкенова